Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады. Қабылдау «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті.
Қоғамдық қабылдауға партияның Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, партияның Түркістан қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Қабылдау барысында Түркістан қаласы мен басқа да аудандардан келген тұрғындар өздерін толғандырған түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтерді. Созақ ауданынан келген азаматтар Алмалы және Қойбағар елді мекендері аумағында жүргізіліп жатқан алтын іздеу және өңдеу жұмыстарына наразылық білдіріп, бұл іс-әрекеттердің қоршаған ортаға келтіретін зияны мен тұрғындардың алаңдаушылығын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Қайрат Рахымұлы аталған мәселенің маңыздылығын ескеріп, уәкілетті министрлік арқылы жағдайды толыққанды анықтап, нәтижесіне қарай тиісті депутаттық сауал жолданатынын айтты. Сонымен қатар, жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Қабылдауға келген азаматтардың бірі ағын су тапшылығы мәселесін көтеріп, егіншілікпен айналысуға кедергі келтіріп отырған жағдайға тоқталды. Бұл мәселеге қатысты Қайрат Балабиев Мәжіліс трибунасында арнайы депутаттық сауал жолданатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, Сауран ауданынан келген азамат кәсіпкерлік мақсатында жер алғанын, алайда келісімшарттың ауызша жасалуына байланысты бизнес жоспарын іске асыра алмай отырғанын айтып, көмектесуін сұрады. Депутат мәселені заң аясында қарап, тиісті органдар арқылы шешу жолдарын қарастыруға уәде берді.
Қабылдауға келген тағы бір тұрғын сот орындаушылар тарапынан салынған берешекке қатысты көмек сұрап, қарызды қайта құрылымдау, яғни бөліп төлеу кестесін жасауға ықпал етуді өтінді. Депутат бұл мәселені зерделеп, заң аясында көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен бірге, қаржы қиыншылығын айтып келген азаматшаға Қайрат Балабиев «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курстарына қатысу қажеттігін түсіндіріп, бұл бастама азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, өз қаражатын тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев өткізген азаматтарды қабылдау барысында әлеуметтік, экологиялық, құқықтық және қаржылық сипаттағы бірқатар мәселелер көтерілді. Әрбір өтінішке мұқият көңіл бөліп, шешу жолдарын нақтылап берген депутаттың бұл жұмысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.