Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастарының қатысуымен «Созақтан Түркістанға» экспедициясы бастау алды. Бұл сапар ел тарихын тануға, рухани мұраны насихаттауға және этностардың татулығын дәріптеуге бағытталған.
Бүгін экспедиция мүшелері «Достық үйінен» сырлы Созаққа жолға шықты. Делегация құрамында өңірдегі «Ассамблея жастарының» белсенді мүшелері, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері бар. Экспедиция мақсаты – өңірдің тарихи-мәдени жерлері және табиғатымен танысу арқылы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бойына сіңіру, туристік маршрутты бекітуге қатыстыру, маршрут туралы бейнеролик, объектілер туралы деректі фильм түсіру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үлес қосу.
Сапар аясында экспедия мүшелері Созақ ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, құнды жәдігерлермен таныспақ. Танымдық-тағылымдық сапар жастарға рухани байлық қана емес, сондай-ақ жаңа идеялар мен ынтымақтастыққа жол ашып, патриоттық сезімді нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз. Экспедиция 9 шілде күні Түркістанда қорытындыланады.