Бүгін Түлкібкас ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы арнайы келіп, аймақтағы біршама өзекті мәселелермен танысты.
Атап айтсақ, 10 мыңнан астам халқы бар Састөбе кентінде болып, ол жерде жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген жаңа аурухана ғимаратының қажеттілігі, кентте бала санының артуына байланысты жаңа мектеп құрылысы және орталық саябақты абаттандыру сынды түйіткілді мәселелермен танысты.
Бүгінгі таңда кентте 1962 жылы бой көтерген, 17 төсек орны қарастырылған аурухана халық игілігіне қызмет атқаруда. Аталған нысанның бүгінгі жағдайын бақылаған мәжіліс депутаты жаңа нысан құрылысына тиісті құжаттар әзірлеп ұсынуды ескертті.
Содан соң, Ұласбек Сәдібекұлы өткен жылы абаттандыру жұмыстары қаржының тапшылығынан тоқтап қалған орталық саябаққа және биыл жобалық сметалық құжаттары облыстық тиісті басқарма тарапынан толық әзірленген 300 орындық мектеп түсетін жерге табан тіреп, ол жерде жауапты мамандармен түйінді мәселелердің шешу жолдарын талқылап, өз тарапынан Заң аясында қолдау білдіретіндігін жеткізді. Арнайы уақыт бөліп, ауылдағы өзекті мәселелерді назарға алған Ұласбек Сәдібекұлына ауыл ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, ел игілігі жолындағы әр бір ісіне сәттілік тіледі.Ауданымызға іссапарын Мәжіліс депутаты Машат ауылдық округіне қарасты Мыңбай ауылында түйіндеді.
1 мың 600-ден астам тұрғыны бар бұл ауылда ауыз су мәслесі шешімін таппай тұрған өзекті мәселенің бірі. Былтыр аудан әкімдігі тарапынан аталған елді мекеннің ауыз су жүйесін құрылымдауға қажетті құжаттар толық дайындалып, мердігерді анықтау конкурсы өткізіліп қойған болатын. Алайда, қаржы бөлінбеуіне байланысты жұмыстар тоқтап тұр.
Аталған мәселені назарына алған Ұласбек Сәдібекұлы тиісті шаралар атқарып, Заң аясында қолдау көрсететіндігін жеткізді.