Сарыағаш ауданында инфрақұрылым бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі Құркелес ауылдық округі, Ақниет елді мекенін таза ауыз сумен және электр қуатымен қамту мақсатындағы екі ірі жоба бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының барысын саралау мақсатында аудан әкімі Арман Абдуллаев мердігер мекемелермен кездесті.
– Жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тиіс. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба,– деп мердігер мекемеге нақты тапсырмалар берді. Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа жобалардың уақтылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді, жұмысты ширатуды тапсырды.
Ақниет елді мекенін таза ауыз сумен қамту жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға орындалған. Жобаға сәйкес 20,02 шақырым ұзындықта су құбырларын тарту қарастырылған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 300-ден астам тұрғын үй ауыз сумен қамтылады.
Сонымен қатар, аталған елді мекенді сапалы электр желісімен қамту мақсатында 5 дана жаңа трансформатор қондырғысы және 650 дана электр бағаналары орнатылады.