Келес ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және өнім көлемін арттыру мақсатында жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынған. Бұл бастама ауыл шаруашылығында суармалы жерлерді тиімді пайдалануға және бір маусымда бірнеше рет егін жинауға мүмкіндік беріп отыр. Ұшқын ауылдық округінде жоба аясында алғашқы өнім жиналып, жоғары нәтижелерге қол жеткізілді.
Жалпы жер көлемі 3858,50 гектарды құрайтын округте ауыл шаруашылығы алқаптары — 2117,09 гектар, ал суармалы егістік жер көлемі — 1260 гектар. Округ аумағында 123 бірлік шаруа қожалықтары қызмет атқарып, олар 430,5 гектар жерді пайдаланып отыр.
Егістік алқаптарда әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі. Атап айтқанда, көкөністер 450,6 гектар жерге, бақша дақылдары 25 гектарға, картоп 45 гектарға, мал азықтық дақылдар 240,4 гектарға, жүгері 110 гектарға, ал күздік бидай 30 гектарға егілген.
Бұл дақылдардың әр гектарынан алынатын өнім көлемі де жоғары. Көкөніс дақылдарының гектарына орта есеппен 300 центнерден, бақша дақылдары – 250 центнерден, картоп – 200 центнер шамасында, күздік бидай – 20 центнерден, жүгері – 20 центнерден, ал мал азықтық дақылдар – 52 центнерден өнім беріп отыр.
Нәтижесінде, округ бойынша бірінші егіннен 143 286,8 центнер ауыл шаруашылығы өнімі жиналды. Бұл – шаруалардың қажырлы еңбегінің және суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі.