Мақтаарал ауданы әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Бижан Анарбеков аудан аумағындағы білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында бірқатар мектептерді аралады.
Аралау барысында ол жөндеу жұмыстарының сапасын, қаржыландыру мен орындалу мерзімдерін жіті назарға алды.
Аудан басшылығының тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылына дейін барлық мектептер толық дайын болуы тиіс. Осыған байланысты әкім орынбасары құрылыс жұмыстарының жұмыс кестесіне сай жүріп жатқанын ғана емес, сонымен қатар туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, жедел шешу жолдарын қарастыруда.
Жалпы ауданда 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мектептердің шатырлары толық ауыстырылып, терезелері мен еден жабындылары жаңартылуда және жылу жүйесін қайта орнату сынды жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс басында болған Бижан Анарбеков мердігер компания өкілдеріне жұмыстың сапасы мен мерзімі басты талап екенін ескертті.
«Білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен жайлылығы – бірінші кезекте. Балаларымыз заманауи, жылы әрі қауіпсіз мектептерде білім алуға тиіс. Әр тиын мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қажет. Біз бұл жұмыстарды үнемі бақылауда ұстаймыз» — деді, әкім орынбасары.
Бижан Анарбеков кейбір нысандарда жұмыс қарқыны баяу жүріп жатқанын атап өтіп, тиісті ескертулер жасады. Ол мердігер ұйым басшыларымен кездесіп, жөндеуді жеделдету және сапаны арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта жөндеуден өтіп жатқан нысандардың барлығына тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, білім беру саласы – ауданның дамуына тікелей әсер ететін маңызды сала болғандықтан, оған ерекше назар аударылуы қажет.