Ақпарат

Форумда ауыл әкімдерінің қызмет тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді

Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы жұмысын бастады.

Басқосуда ауыл әкімдерінің қызмет тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді, тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыру механизмдері туралы әдістемелік көмектер көрсетілді. Мемлекет басшысының саяси реформалары кең ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік бергені айтылды. Соның ішінде ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу процесстері еліміздегі саяси үдерісті демократияландырып, азаматтырдың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейткені сөз болды.

Форум жұмысына арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетов бүгінгі форум ауыл әкімдері үшін шын мәнінде пайдалы жиын болып отырғанын жеткізді. Өзі жетекшілік ететін комитет 6 негізгі бағыт бойынша қызмет атқаратынын мәлімдеп, осы салаларға түбегейлі өзгерістер әкелетін заң бастамалары туралы мағлұмат берді. Соның ішінде МӘМС жүйесін жетілдіру, ауылдық ФАП-тардың жұмысын жүйелеу, балабақшаларда бала құқықтарының сақталуын қамту, олардың қызметін лицензиялауды қайта қалпына келтіру мәселелері бар екені айтылды. Балалардың жазғы демалыс лагерлеріне қойылатын талаптарды бекіту, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің пәрменділігін арттыру, білім беру жүйесіндегі аттестацияға мемлекеттік бақылауды күшейту талаптарындағы өзгерістер жөнінде мағлұматтар берілді. Бюджет кодексіндегі жаңа талаптар, мемлекеттік сатып алу процесінің жариялығын қамтамасыз ете отырып, жетілдіру, спорт саласында легионерлерге бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражатының жұмсалуына тосқауыл қою бағытындағы өзгерістер жайлы айтылды.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев сөз алып, «AMANAT» партиясының фракциясы VIII шақырылымның сессиясы аясында Президент Жолдаулары мен партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Фракция барлық заң жобасының 82 пайызынан астамына бастамашылық етіп, тұрғындармен 4 мыңнан астам кездесу өткізгенін және азаматтардың өмірінде орын алған нақты өзгерістерге қол жеткізгенін атап өтті. Мәжіліс депутаттары 158 заң жобасын қарастырып, оның 89-на Мемлекет басшысы қол қойған. Парламент қабырғасында жаңа Бюджет кодексі жан-жақты қарастырылып, жұртшылықтан түскен көптеген ұсыныстар сараланғанын, жаңа нормативтер ауыл әкімдерінің қызметі үшін аса маңызды екенін айтты. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру, халықты әлеуметтік қолдау, өңірлердің инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту, медицина саласы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруда жаңа құқықтық нормалар қарастырылғанын түсіндірді.

Атап өтуіміз керек, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясы 62 заң жобасына бастамашылық еткен заң жобаларына 5322 түзету енгізген. Күн тәртібіндегі актуалды деген мәселелер бойынша 626 депутаттық сауал жолдап, қайталанған сапарларды қоса есептегенде 2099 елді мекенге шығып, тұрғындар көтерген проблемалық мәселелердің шешілуін депутаттық қадағалауға алған. Фракция өкілдері азаматтармен 4209 кездесу өткізіп, 128 мың адам қамтылған. Депутаттардың ықпал етуімен 527 мәселе дер кезінде шешімдерін тапқан. Жаңа Салық кодексі, Бюджет кодексі, Су кодексі қабылдау бойынша іргелі қадамдар жасалып, Міндетті әлеуметтік сақтандыру, «Келешек» жүйесі, Мәдениет, тәлімгерлік және білім беру, Денсаулықты қорғау және лудоманияға қарсы, Байланыс, көлік, мемлекеттік қызметтер және пошта, Тауардың шығу тегі, Есірткі қылмысына қарсы күрес туралы Заңдар қабылданған.

Облыстық мәслихат депутаттарының ауыл әкімдерімен ықпалдастығы мәселесін айтқан Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, өңіріміз үшін ауылдардың ахуалын түзеу – стратегиялық басымдық деп бағалады. Өйткені, Түркістан облысындағы 2,2 млн. халықтың 1,6 миллионы – ауыл тұрғындары екеніне назар аударып, жергілікті атқарушы билік жүйесінде ауыл әкімдерінің рөлі маңызды деді. Тұрғындардың табысын арттыруда инвестиция тартудың өзектілігіне тоқталды. Парламент, мәслихат, әкімдік және партия болып бірлесіп, ауыл әкімдіктерінің ғимарат мәселесін шешу, ауыл әкімдерін қызметтік көлікпен қамту, ауыл әкімдіктерінің қызметтік ресурсын нығайту, ауылдарда полиция тірек пункттарын ашу, ауылдарды көрікті мекенге айналдыруда арнайы техникалар бөлу мәселесінде жан-жақты ынтымақтастық керек деп байыптады.

Қатысты жаңалықтар

Індеттен қайтыс болғандар бөлек жерленбейтін болды – ол несімен қауіпті

azatmedia

ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ

azatmedia

САУРАНДА КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН ӨТТІ

azatmedia