Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы жұмысына арнайы қатысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетов бүгінгі форум ауыл әкімдері үшін шын мәнінде пайдалы жиын болып отырғанын жеткізді. Өзі жетекшілік ететін комитет 6 негізгі бағыт бойынша қызмет атқаратынын мәлімдеп, осы салаларға түбегейлі өзгерістер әкелетін заң бастамалары туралы мағлұмат берді. Соның ішінде МӘМС жүйесін жетілдіру, ауылдық ФАП-тардың жұмысын жүйелеу, балабақшаларда бала құқықтарының сақталуын қамту, олардың қызметін лицензиялауды қайта қалпына келтіру мәселелері бар екені айтылды. Балалардың жазғы демалыс лагерлеріне қойылатын талаптарды бекіту, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің пәрменділігін арттыру, білім беру жүйесіндегі аттестацияға мемлекеттік бақылауды күшейту талаптарындағы өзгерістер жөнінде мағлұматтар берілді. Бюджет кодексіндегі жаңа талаптар, мемлекеттік сатып алу процесінің жариялығын қамтамасыз ете отырып, жетілдіру, спорт саласында легионерлерге бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражатының жұмсалуына тосқауыл қою бағытындағы өзгерістер жайлы айтылды.
Парламент өкілі Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы маңызды нысандарды аралады. Іссапар барысында оны «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева мен облыстық басқарма басшылары мен сала жетекшілері бірге ертіп жүрді.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты алдымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиника-диагностикалық орталығына арнайы барып, мекеме ұжымымен, аудандық аурухана, емхана бас дәрігерлерімен, медицина колледжінің басшылығымен кездесті. Кездесуде медицина саласына қатысты заңнамалық өзгерістер, Парламентте қаралып жатқан реформалар мен денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды. Университет ректоры, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова оқу орнындағы жаңалықтар мен жетістіктерді жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлады.
Пікір алмасу форматында өткен кездесуде дәрігерлер өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, халық денсаулығы жолындағы маңызды бастамалар талқыланды. Парламент өкілі Асхат Аймағамбетов көтерілген тақырыптардың маңызды екенін, халық қалаулысы ретінде бұл мәселелерден хабардар екенін және мәселенің шешімін заңдастыру бағытында жұмыс істейтінін жеткізді.
Бұдан соң Асхат Қанатұлы Түркістан қаласындағы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 80 төсек-орындық «Ана мен бала» перзентханасының құрылысымен танысты. Жобаның бастамасы 2021 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қоры тарапынан қолдау тауып, бүгінгі таңда «Эристайл-Казахстан» ЖШС мердігерлігімен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс келісімшарты бекітіліп, қазіргі таңда нысанда қарқынды жұмыс жүруде.
Сапар Сауран ауданы, Ораңғай ауылдық округінде орналасқан 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жалғасты. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталып, ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанда соңғы тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр.
Халық қалаулысы Шорнақ ауылдық округіндегі Аша елді мекенінде 600 орындық «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім ордасының құрылысымен де танысты. 2023 жылдың қыркүйегінде басталған жоба шілде айының ортасында толық аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу, аула абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сауран ауданындағы әлеуметтік маңызды нысандар құрылысының қазіргі ахуалын Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров таныстырды.Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов өңірде жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары туралы мәлімет беріп, облыс аумағындағы жаңа мектептердің құрылысы мен білім сапасын арттыру бағытындағы шараларды атады.
Сапар қорытындысында Асхат Аймағамбетов өңірдегі өзекті мәселелерді Парламент деңгейінде көтеріп, Түркістан облысымен тығыз әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, сала өкілдерімен бірлесіп, маңызды жобаларды іске асыруға қолдау көрсететінін атап өтті.