Ақпарат

ЖЕТІСАЙ: ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ АРТУДА

«AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалында сяаси кеңес Бюросының отырысы өтті. Кеңес отырысына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов партияның сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасының орындалу барысы және өңірдегі өзекті мәселелер бойынша есеп берді. Сонымен қатар, шешімін күткен күрделі мәселелерге қатысты пікір алмасылып, нақты ұсыныстар қаралды.

Атап айтқанда, Жетісай ауданы бойынша «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында 50 негізгі бағыт белгіленген. Оның ішінде 46-сы 2024 жылға тиесілі болса, қазіргі таңда сол жоспарлардың 33-і, яғни 71 пайызы толық орындалған, ал 13-і жүзеге асырылу үстінде.

Аудан басшысы өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне де кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге өсіп, 184,1 млрд теңгені құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 190,1 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл соңына дейін 21,2 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылы 43,7 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 37 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан өндірілген өнім көлемі 179,6 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.

Соңғы бес жылда ауданға тартылған инвестиция көлемі 90,2 млрд теңгеге жеткен болса, алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.

Ауылдық аумақтарды дамыту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 15 елді мекенде жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аясында елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу және мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылы 4 елді мекен, 2024 жылы 20 елді мекен көгілдір отынға қосылған. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Сондай-ақ, биыл 4 елді мекенде жаңа газ желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қазіргі таңда тағы 10 елді мекенді газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Кеңес барысында Серік Үсенұлы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға қатысты сұрақтарға жауап беріп, бюро мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.Бюро мүшелері бірқатар маңызды ұсыныстар айтып, орындалып жатқан жұмыстардың партияның сайлауалды уәделеріне сай екенін атап өтті. Сондай-ақ шешімін күтетін мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтылып, оларды іске асырудың жолдары қарастырылды.

Отырыс қорытындысында партиялық жауапкершілікті арттырып, Жол картасында көрсетілген жоспарларды уақытылы әрі сапалы орындау – басты міндет екені тағы бір мәрте ескертілді.

Қатысты жаңалықтар

Қоғамдық келісім – тұрақтылық тұғыры

azatmedia

ШУ ӨЗЕНІ СУЫНА ҚАТЫСТЫ ЛЕЗДЕМЕЛІК ЖИЫН ӨТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА

azatmedia