Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов биыл аяқталуы жоспарланған Жансая автомобиль жолы бойындағы көпірдің құрылыс барысымен танысты. Құрылыс алаңында болған аудан басшысы мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Инфрақұрылымдық маңызы жоғары бұл нысан тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, Ақсу өзенінің жағалауында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың жер телімдеріне берілген құжаттардың заңдылығын тексеру бойынша аудандық жер қатынастары бөлімі мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне нақты тапсырма берілді. Аталған мәселені заң аясында қарап, тиісті шара қолдану міндеттеліп, бұл жұмыстардың қатаң бақылауға алынатындығы ескертілді.
Сонымен бірге, Құтарыс ауылдық округіне қарасты Құтарыс пен Қызылжар елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба 2020 жылы басталған болатын. Биыл толық аяқталуы тиіс құрылыс жұмыстарының барысымен аудан әкімі Арман Сабитов арнайы барып танысты. Нысан басында атқарылып жатқан істер пысықталып, жобаның орындалу деңгейі талқыланды.
Жергілікті тұрғындар күткен газ инфрақұрылымының сапасына жіті көңіл бөлініп, кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге нақты тапсырмалар берілді.Газ тарту жұмыстарының әлеуметтік маңызын атап өткен аудан басшысы құрылысты таяу арада толық аяқтауды тапсырды.