Ақпарат

AMANAT: ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ АЛАҢЫНА БАЗЫНАСЫН АЙТА КЕЛГЕН БҰҚАРА КӨП

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында – Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы өңірдегі сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, бақылау басқармаларына қатысты мәселелерге жетекшілік етеді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева партиямыздың өңірлік филиалына аталған салалар бойынша тұрғындар тарапынан жиі өтініштер түсетінін айтып өтті. Қабылдауға аталған салаларға жауапты басқарма басшылары және алдын ала жазылған азаматтардың мәселелері бойынша Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының тиісті сала басшылары онлайн қатысып отырды.
Қабылдауға жазылған тұрғындардың дені баспана мәселесі бойынша көмек беруді сұрады. Бірі тұрғын үй кезегін жылдамдатуды өтінсе, енді бірі тұрып жатқан пәтерінің сапасыз құрылысына күйінеді. Енді біреуі баспанасының шатыры құлағалы тұрғанын айтып, демеушілер тарапынан қаржылай көмек беруге ықпал етуін өтінді.
Сарыағаштық Жанар Бархатқа өткен жылдары облыс әкімінің ықпал етуімен тұрғын үй салуға жер берілген. Ол аталған жерді сатып, үстіне несие алып, қаржы қосып үй сатып алады. Алайда атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың кейбір талаптарына сай Жанар Жәдігерқызы алып отырған жәрдемақысынан айырылып қалады. Денсаулығы дімкәс баланы тәрбиелеп отырған, несиені атаулы әлеуметтік көмекке сеніп алған ол енді банкке ай сайын құятын 80 мың теңгені қайдан алатынын білмей, Зұлпыхар Жолдасовтың қабылдауына жазылған. Ананың жанайқайына құлақ түрген аудандық әкімдіктегілер келер жылдың ақпан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға көмек беретінін жеткізді. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбаев оған дейінгі 4 ай бойғы несиені жауып беруге көмектесетінін айтып, мәселе шешімін тапты.
Бәйдібек ауданынан келген Асылзат Есбанова үйінің шатыры жарамсыз болып қалуына байланысты ауыстырып беруді өтінді. Зұлпыхар Жолдасов бұл мәселенің оң шешімін табуына көмектесетінін жеткізді.
Сонымен қатар, қабылдауға жазылған Кентау қаласы, Қарнақ ауылының бір топ тұрғыны облыстық маңызы бар жол бойына орналасқан Үркер мектебі алдына жасанды жол кедергісін салып, белгі қойып беруіне ықпал етуін сұранды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты бөлім басшылығына таяу күндері жасанды жол кедергісін орнатып беруді тапсырды. Қабылдауға жазылғандардың қатарында полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне және тұрғын үй құрлысының сапасыздығына наразылық білдіріп, шағым жасағандар да болды. Әрбір азаматтың шағымы мен өтініштерін мұқият тыңдаған Зұлпыхар Жолдасов барлығына да заң аясындағы талаптарды түсіндіріп, тиісті органдарға шағымдану құқықтарының бар екенін жеткізді.
Зұлпыхар Сансызбайұлының қабылдауына келушілердің қарасы көп болды. Тұрғындар тарапынан әрбір мәселенің нақты шешімін табуына барынша назар аударған облыс әкімінің бірінші орынбасарына, билік пен бұқараның байланысын үйлестіріп отырған партияның өңірлік филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне де алғыс білдіріліп жатты.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ПАРА ДЗЮДОШЫЛАР ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНДІ

azatmedia

Түркістанда «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» ұранымен футболдан турнир өтті

azatmedia

САЯСИ ПАРТИЯЛАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУДЕ ЖАРЫСТЫ

azatmedia