Ақпарат

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ФРАКЦИЯ ОТЫРЫСТАРЫНДА ҚАРАЛДЫ

Бүгінде өңіріміздің барлық аймағында «AMANAT» партиясының аудандық мәслихатындағы фракция отырыстары өтіп жатыр. Түлкібас, Сайрам және Сауран аудандарында өткен фракция отырыстарына аудан әкімдері мен әкімдікке қарасты жауапты бөлім басшылары қатысты. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік құрылымдардың есеп беруі мен ашықтығын қамтамасыз етуде мемлекеттік атқарушы және өкілді билік тармақтарының өзара ықпалдастығын арттыруға басымдық беріп отырғаны белгілі. Осы орайда, аудандық мәслихаттағы партиялық фракцияға мүше депуттардың басын қосқан жиындар аумақтардағы өзекті деген мәселелерді қарастыру, оларды оңтайлы шешуде атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап-таразылау мәселесін жүзеге асырып жатыр.
Түлкібас ауданында өткен жиынды фракция жетекшісінің орынбасары Мұхамеджан Игенбаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе, «AMANAT» партиясы Түлкібас ауданы бойынша 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының ағымдағы жылдың 9 айында орындалуы туралы Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың есебі тыңдалды. Одан соң, 2023-2024 жылдары ауданда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге туралы аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаев мағлұмат берді.
Пилоттық бағдарламаны іске асыруға аудандағы Мичурин, Балықты, Рысқұлов және Шақпақ ауылдық округтері қатысып, арнайы құрылған жұмысшы топ оларға бағдарлама шарттары бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Өткен жылы аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 285 өтінім қабылданып, оның ішінде 1 млрд 642 млн теңгені құрайтын 245 өтінім қаржыландырылған. Биыл ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Арыс, Жаскешу, Ақбиік және Кемербастау ауылдық округтері таңдалып алынған. Аталған 4 ауылдық округтен несие бойынша бағыттары анықталып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған. Бүгінгі таңда, ниет білдірушілер бизнес жобасын ұсынып, қаржыландыруды күтіп отыр.
Дәл осындай күн тәртібіндегі тақырыптар төңірегінде өткен Сауран ауданындағы фракция отырысын мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Арсылан Раматуллаев ашып, жүргізіп отырды.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және еңбек табысын арттыру мақсатында бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының Сауран ауданында іске асырылу барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Серік Өмірханұлы баяндама жасады. Баяндама барысында жобаға жалпы Сауран ауданынан Үшқайық, Ияссы, Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтері таңдалып, 235 тұрғын несие алуға ниет білдірген болса, бүгінгі күнде 144 шаруаның құжаттары толық рәсімделгенін атап өтті. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қайтарылған қаражат есебінен 2 шаруа қожалық -18,3 млн.тг қаржыландырылған.
Сонымен қатар, Сайрам аудандық әкім аппаратының мәжіліс залында өткен фракция отырысына «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы, фракция жетекшісі Бекжан Байғалиұлы төрағалық етті. Мәжіліске аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Қ.Сыздықов, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Ш.Халмурадов, Аудан әкімнің орынбасары Ш.Убайдуллаев және фракция мүшелері қатысып, аймақтағы 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының ағымдағы жылдың 9 айында орындалуы мен ауданда «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы туралы мәселелерді зерделеді.
Аталған жиындар соңында фракция мүшелері тарапынан күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде жергілікті атқарушы билік өкілдеріне сауалдар жолданды. Сонымен бірге, ұсыныстар да айтылды. Олардың қатарында шаруаларды ірілендіріп, біріктіру, балық шаруашылығын дамытуға арнайы бір бағыт қосу және ірі қара малдарды алуға басымдық беру сынды пікірлер бар.
Отырыс қорытындысында айтылған сын-ескертпелер мен сауалдардың орындалуы партияластардың бақылауында болатыны айтылды.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

azatmedia

ШОРТ-ТРЕКТЕН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ӨЗБЕК ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛЕРІ» ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

azatmedia