Қоғам

АДАМ САУДАСЫ — ҚЫЛМЫС

Түркістан қаласының тұрғындарына адам саудасының алдын алу туралы ақпараттарды ұсынамыз.

Бүгінде, ХХІ ғасырдың табалдырғынан аттасақ та құл саудасы әлі де жалғасуда. Әлемде оған тыйым салынғанына қарамастан гүлденіп, тіпті жаңаша сипат алуда. Қылмыскерлер бұрын адамды тірілей саудаласа, енді олардың дене мүшелерінен ақша жасауға көшкен. Қаншама жабайылық десек те жыныстық құлдық, құл еңбегін пайдалану (соның ішінде балаларды), адам мүшелерін сату арқылы қылмыскерлер бір жылда 32 миллиард доллар пайда көреді екен. Бұл туралы ser-per.kz агенттігіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агентітігі жазады.

Қорқыныштысы жыл сайын жалақысы мол жұмыс, жайлы өмір іздеп жер жүзіндегі мемлекеттердің шекарасын заңсыз түрде 4 миллионға жуық адам кесіп өтеді. Кейін олардың көбі құлға айналады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек бүгінде әлем бойынша 30 миллион адам құлдықта жүр. Басқа деректер бойынша олардың саны 200 миллионға жуық. Қалай десек те бұл адамзат тарихында болған құл иеленушілік дәуірлердегі барлық құлдардан ондаған есе көп.

Құлдыққа салынатындардың көбі әйелдер мен балалар. Әйелдер аз ғана тамақ үшін кейде үй қызметкері немесе бала күтушісі болса, жасөспірімдер фабрикаларда ауыр, аяусыз жағдайда тәулігіне 14 сағат жұмыс жасайды. Ең көп құлдыққа салынатындар Азия, Африка, Шығыс Еуропа мен Ресей тұрғындары. Әсіресе Ресей Федерациясы Батыс Еуропаны «тірі тауармен» қамтуда алдыңғы орында тұр. Ресейліктер тұрмыс жағдайларының төмендігінен жайлы өмір іздеп шетел асуға мәжбүр. Бұл елдің барлық жерінде әйелдерге шетелден жоғары жалақылы жұмыс пен мүмкіндіктер ұсынған хабарландыруды кездестіруге болады. Барғанда мұның көбі жалған, құрылған тұзақ болып шығады. Сонымен қатар мұнда басқа жақтан келгендерді ұрлап құлдыққа сататын ұйымдасқан қылмыстық топтар ұсталғаны жайлы фактілер де бар.

Адамдар құлдыққа алдау-арбау арқылы емес, кейде өмір сүрудің басқа амалы қалмағандықтан да түседі. Африкадағы отбасыларының жағдайы өте төмен болғандықтан өз баласын жылдық кірістеріне тең бірнеше жүз долларға сата салады. Тіпті дамыған Жапонияда да ұрпағын ірі қаржыға сату орын алған. Ауғанстанда қыздарды ата-аналары Пәкістанда жезөкшелікпен айналысуы үшін салмағын 600 рупиймен есептеп сатқаны тіркелген. Нигерияда жас қыздар адам төзгісіз кедейлік пен кемсітушіліктің салдарынан Еуропадағы құлдыққа саналы түрде сатылып жатыр. Бұрынғы КСРО құрамындағы республикалардың мыңдаған әйелдері Израилде жезөкше болып жүр. Олар осы мемлекетте тұрақтап қалу үшін тәнін саудалауға келіскен. Бүгінде 300 мыңнан астам бала әлемнің әр түпкіріндегі отты нүктелерде қолына қару алып, соғысуда. Жас шағынан оқ пен оттың ортасында жүріп психикасы бұзылған бұл жасөспірімдердің алдағы тағдыры қалай болары бір құдайға аян. Бірақ, құл саудасы артта қалған мемлекеттерге ғана тән нәрсе емес. Оны «Бізде адам құқы қорғалған», деп жар салатын дамыған елдерден де табасыз. Мұнда да жасырын притондар ұстап, бала еңбегін қанап отырғандар кездеседі. Әрине, жергілікті билік сезіп қалса жазалайды. Десек те араларынан үшінші елдерден келген жұмыс күшін, яғни зауыт-фабрикаларда құл еңбегін пайдаланған тауардың бағасын түсіретінін білгендіктен оған көзжұмбайлықпен қарайтын мемлекеттер де табылады. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді», дегендей дамыған елдердегі әйелдер де киноға түсу, атақты биші немесе бай шетелдікке жар болуды ұсынған жарнамаларға сеніп жезөкшелер үйінен бір-ақ шығып жатады. Шетелге кетіп адам саудасының құрбаны болғандардың басым көпшілігі көмекке мұқтаж жандар. Алайда олар «жеңгетайлардың» үстінен шағым жасауға қорқады және құқық қорғау органдарының оларды жауапқа тартатынына сенбейді. Сол себепті қашып шыққанға немесе құқық қорғау орындары олардың иелерін тұтқындағанға дейін шыдап жүре береді. Жалпы құл саудасы бүгінгі өркениеттің бас ауруына айналып отыр және оның әзірге жазылар түрі көрінбейді.

Қ.ҒҰМАРОВ

Қатысты жаңалықтар

САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЕЛ ӨМІРІНЕ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛДІ

azatmedia

Қазақстанда пара беру туралы жиналыста ашық айтыла бастады

azatmedia

Павлодар облысында мал қырылып жатыр (видео)

azatmedia