Түркістан қаласының тұрғындарының назарына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы ақпараттарды ұсынамыз.
Әрбір адамның жүрегіндегі екінші Меккесі – отбасы. Алайда, барлық адам өз отбасында бақытты, баянды өмір сүріп жатыр деу жаңсақтық болар. Себебі, отбасы құндылықтары қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық өмірдің көлеңкесінде қалып, адамдар руханияттан гөрі материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Бұдан біз кезінде айтылған «Сананы тұрмыс билейді» қағидаты әлі күнге өзектілігін жоймағанын байқаймыз. Олай дейтін себебіміз, қазіргі қоғамдағы отбасылық кикілжіңнің басым бөлігі тұрмыстық жетіспеушіліктің салдарынан туындауда. Бүтіндей бір отбасының жүгін иыққа артқан кейбір ер азаматтардың да, жүрек жылуымен азаматын, ұл-қызын айрандай ұйытып отыратын бірқатар аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Мамандар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату. Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдері қатысқан. Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Мәселен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала инситутын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады.
Қазақстанда салауатты өмір салтын сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Егер зомбылықты физикалық қасірет көрсету әрекеті десек, онда тұрмыстық зомбылықта осы әрекеттің бастауы мен айқындау нүктесі – жанұя, яғни зұлымдық жасаушы мен оның жемтігі ең жақын адамдар болады. Олар – көбіне жұбайлар мен балалар.
Отбасындағы зорлы-зомбылық мәсе-лесі әлемнің әр елінде ертеден орын алған. Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін ауыр машақат болып табылады. Әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыс-тарды өткізу қажет.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адам-ның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру болса, жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы елімізде елеулі мөлшерде асқынды. Статистикалық мәліметке қарағанда елде жыл сайын 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылу керек. Кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін-өзі ұстау үлгісін алады.
Бейкүнә балаға қатыгездік жасау – тек психикалық ауруға ұшырағандардың ісі. Балаға зорлық-зомбылық таныту отбасылық жағдайларда жиі кездеседі. Бұған себеп – ата-ананың ұрыс-керісі, ішімдік, есірткінің зардаптары. Балаларды ұрлап кетіп, оны саудалау, ауыр жұмысқа салып қою немесе дене мүшелерін сату факторлары жиі кездесіп отыр. Зорлық-зомбылық көрген баланың бойын үрей билейтіні анық. Осындай қылмысты балалардың әр түрлі себептермен (қорқу, ұялу, жасқану, т.б.) жасырып қалуынан зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай жатыр. Бала – еліміздің жарқын болашағы. Мұндай қатыгездіктердің алдын алып, балалардың өмірін қорғауымыз керек. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Атамыз қазақ «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тегін айтпаған. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді.
Әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыс-тарды өткізу керек. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Еліміздің Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеді. Осы орайда, балалар құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – басымдығымыз болуы керек. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, оны болдырмау жолдарын қарастырғанымыз жөн. Сонда ғана сау анадан дені сау ұрпақ өмірге келіп, саламатты ел құруға атсалысамыз.