Түркістан қаласының тұрғындарына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы ақпараттарды ұсынамыз.
Орта Азия даласы ежелден көшпенді және отырықшы мәдениет қатар қалыптасқан аймақ. Ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларынан қалған қала орындары мәдениет көрсеткішінің жоғары болғандығын дәлелдейді. Сондай-ақ әр тайпалық бірлестіктер мекен еткен аймақтарда түрлі діни ұстаным болғандығы белгілі. Сәйкесінше түрлі діндер келген сайын мәдениетте ауысып отырды. Жетісу бойын мекендеген сақ тайпалары отқа, күнге табынса, Оңтүстікті мекен еткен қаңлылардан қалған будда ғибадатханасы Қызылкөл бойынан табылды. Сол уақыттарда діни ритуалды абыз атқарса ислам діні келген соң имам мен қазыға ауысты. Ерте темір дәуіріндегі сақ обаларынан қалған ескерткіштерде қайтыс болған адамның жанына о дүниеде қызмет етсін деп қызметшілерін де қоса көметін болған. Қыш құмыраларға сүт, ет және түрлі алтын әшекей бұйым мен қару жарағы қоса көмілген сақ ескерткіштері еліміздің әр аймағынан табылуда. Ал ислам мәдениетімен танысқан түркі даласында храмның орнын мешіт, абыздың орнын молда алмастырды. Ислам сенімі бойынша өлген адамның қабірге әкететін жалғыз дүниесі бір орам кебін мата ғана болды. Ислам келгенге дейінгі кезеңде тайпа көсемдері үлкен обаларға жерленсе орта ғасырда күмбезді кесенеге ауысты. Жалпылай айтқанда ислам дінінің орта Азия даласына келуімен тұтас мәдениет қалыптасты.
Сондай-ақ түркі ислам мәдениеті қатар дамыды.Филология ғылымдарының докторы, профессор И.Жеменейдің айтуы бойынша: «Қазақ тарихына терең үңіліп, шындығын тану үшін түркілік тарихын білу керек. Түркі тектес халықтардың ортақ тарихын Исламнан бұрынғы ежелгі дәуір және Исламнан кейінгі ортағасырлық дәуірге бөліп қарастыруға тура келеді. Жазба деректер бойынша түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениеті ежелгі дәуір- б.з.д. VI-V ғасырлардан бастап- б. з.VIII ғасырына дейінгі аралықта «Тұран» деп аталып келді. Ал VIII-XV ғасырлар аралығында ортағасырлық дәуірде «Түркістан» деген атауға ие болды. Түркілер XIV-XV ғасырларда ұлт-ұлысқа бөлініп, бір-бірінен ажырай бастаса да «Түркістан» атауы Кеңес одағы құрылып, бүгінгі «Орталық Азия» атына ие болғанша аталып келді».
Ислам діні Орта Азия даласына VII ғасырдан бастап келе бастады. Әрине алғашқы уақыттарда үлкен соғыстардың болғандығы белгілі. Бірақ бертін келе ислам діні бейбіт жолмен тарай бастады. Содан бастап түркі даласында ислам діні мен мәдениеті қарқынды түрде дамыды. Ислам мәдениеті бірнеше бағытта өрледі. Соның бірі Орта Азия даласындағы күмбезді кесенелер мен мешіт медреселер.
Орта Азия елдеріндегі ең көне медресенің бірі Бұқар қаласындағы Көкілташ медресесі. Медреседе қазақ даласының небір дүлдүлдері мен әулие-әмбиелеріне білім берген ғылым ошағы болған. Бұл медресеге келіп, кезінде «Көмекей Әулие» аталып, билік айтқан Бұқар Жырау бабамыздың білім алғандығы, басқа да көп саңлақ ділмарларымыздың бас сұққаны ел жадында өшпестей сақталған. Бұған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының: «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды»,- деген екен. Кезінде қазақ даласында молда болып, медіресе ұстаған көптеген ишандар осы Көкілташта білім алып шықты. Сондай білім ордасының бірі Қарнақ медіресесі болатын. Қарнақ қаласында тарихи деректерге қарағанда 22 медресе болған. Сол медреселерде Кенесары ханның інісі Наурызбай батыр сондай-ақ төре әулетінің елшілік қызметіне дайындалатын шәкірттер оқыған. Ол медреселердің құрылысы бұзылмай сақталғаны – Шәмет ата медресесі. Қазіргі таңда музей қызметін атқарып тұр.
Қазақстан аумағында Сауран қалашығындай жақсы сақталған ортағасырлық қала жоқ. Бүгінгі күнге дейін сақталған қаланың берік бекіністері мен қамал-қорғандары көрген жанды тарихтың қойнауына сүңгітіп, ортағасыр әлеміне сапар шектіреді. Сауранның басты ерекшеліктерінің бірі – тербелмелі мұнара.⠀Өз заманында Сауранның тербелмелі мұнарасы әлемнің 37 кереметінің біріне баланған.⠀Тербелмелі мұнара деп отырғанымыз – Байдулла хан медресесінің қос мұнарасы. Бұл қос мұнара аты аңызға айналған, архитектураның озық үлгісін көрсеткен, әрі таңғажайып, әрі жұмбақ мұнара.
Қос мұнараның бірінің ең төбесіне шығып отырсаңыз, сіз отырған минарет ауа ағымымен тербеліп, екінші мұнараға тұмсық тиерліктей жанаса жақындайды деседі. Ал, екеуінде де адамдар отырса, екі мұнарада қатар қозғалып, ішінде отырғандар бір-бірімен қол беріп амандасарлықтай таяй келіп, мәре-сәре болады екен. Өз заманында алыс-жақын елдерден келген саяхатшылар мен қала тұрғындарының таңдайын қақтырып, шексіз таңғалдырған таңғажайып тербелмелі мұнара бүгінгі күнге дейін зерттеушілерді де таңғалдыруда. Себебі, ғажайып мұнараның салыну сыры мен қандай инженерлік әдістерді пайдаланғаны және қандай шебер салғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
Орта ғасырда ислам дінінің дамуына түркі мұсылман ғалымдары әдебиет саласында өлшеусіз үлес қосты. Бұл ғалымдардың еңбегін 3 түрлі топқа бөліп қарастыруға болады. Олар шығармаларын араб, парсы және ежелгі түркі тілінде жазып қалдырған. Соның ішінде Қ.А.Ясауидің орнын ерекше айтып кетуге болады. «Диуани Хикмет» еңбегі өз заманында Балқаннан Қашқарға дейінгі кеңістікте кеңінен насихатталған. Ал әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектері ислам философиясының негізгі беттері саналады.
Орта ғасыр ислам дінінің ренессанс кезеңі. Көптеген ұлы шығармалар жазылды. Ал ежелгі Түркістан аймағы бұл өркендеуден тыс қалмады. Әлі де өз орнын ала жатар.
Қ.Қосмаханов, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ніңтеолог маманы.