Ақпарат

БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСТА БІРАЗ МӘСЕЛЕ ҚАМТЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңес пен Экологиялық кеңестің бірлескен отырысы болып өтті. Бірлескен мәжілісте партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының ауылшаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту, тағы да басқа маңызды бағыттар бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы қаралып, «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының аудан, қалаларды жүзеге асырылуы таразыланды.Жиынға аталған кеңестердің өкілдері, тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, партияның өңірлік филиалының жауапты өкілдері қатысты. Бірлескен отырысты партия филиалы жаныдағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Раймбеков ашып, жүргізді. Жиын барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, партия филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бегімбет Байғараев сөз алып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің экономикалық құрылымын өзгертуге байланысты бірқатар нақты міндеттер жүктегенін айта отырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.«Мемлекет басшысы инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді айқындап бергені белгілі. Соның ішінде атом энергетикасын дамытудың мүмкіндіктерін қарастырып, АЭС салуға қатысты байыпты шешім қабылдауымыз қажеттігіне баса мән берді. Алдағы референдум жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болады деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті», – деді Полат Мұратұлы. Бұл мәселе туралы Бегімбет Байғараев та пікірін білдіріп, Қазақстан жұртшылығы болашағымызды айқындайтын тағдыршешті таңдауда салмақты шешім қабылдануына үлестерін қосады деген сенімін білдірді.Жиынның күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың есебі тыңдалып, партиямыз бекіткен Сайлауалды бағдарламаны өңірімізде іске асыру жөніндегі Жол картасына енген 14 индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын баяндады. Соның ішінде басқарма басшысы биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары облыс бойынша 873,6 мың гектарға орналастырылғанын мәлімдеп, барлығы 105 мың тонна минералды тыңайтқыштар субсидияланғанын жеткізді. Түркістан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуінің көлемі 4,5 мыңға жуық гектарға жеткенін жария етті.Жекелеген индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбековтың де хабарламалары тыңдалды. Тиісті басқармалар берген ақпаратқа сәйкес, өңірімізге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6 пайызға өскен. Сондай-ақ облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 208 мың бірлікке жетіп, бұл салада еңбек ететін азаматтардың саны 282 мың адамды құраған. Облыс орталығының айналасында жасыл белдеу құруда 2 мың гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келтіру жұмыстары қолға алынған.«Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының орындалуы бойынша осы жобаны өңірімізде үйлестіруші қаржы сарапшылары «Ұлы дала» ассоциациясының өкілдері Жандос Әзімбай мен Гауһар Сыдыханова хабарлама жасап, аудан, қалалар бойынша жоспардың орындалу көрсеткіштері бойынша есеп берді. Жиынға қатысушыларға жобаның орындалуы туралы Арыс, Түркістан қалалары мен Қазығұрт, Түлкібас аудандары әкімдері орынбасарларының хабарламалары тыңдалды.Бірлескен отырыстың қорытынды құжатын таныстырған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, жиын барысында қамтылған барлық мәселелердің орындалуы аманаттық өкілдердің тұрақты бақылауына алынатынын жария етіп, сала басшыларына кеңес отырыстарының қорытындысымен қабылданған тапсырмаларға уақтылы әрі сапалы жауап берілуін қадағалауды тапсырды.  

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНДЕ ІРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕ ӨТЕДІ

azatmedia

МАҚТААРАЛДА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ

azatmedia

АЙМАҚТАРДЫҢ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУЫ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯДАН ТАПШЫЛЫҚ КӨРМЕУІ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

azatmedia