Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған басымдықтарды іске асыру мәселелері мен АЭС салудың экономикалық тиімділігі және оның әлеуметтік маңыздылығы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды. Сондай-ақ, жиын барысында, партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасы индикаторларының орындалуы мен аудан, қалалардағы ұялы байланыс сапасын арттыру және шалғай елді мекендерді интернет байланысымен қамту мәселелері зерделенді.Партия филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесінің отырысын кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов ашып, жүргізді. Кеңес отырысына партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Өңірлік даму кеңесінің мүшелері, партия филиалының жауапты өкілдері қатысты.Кезекті жиынның мән-маңызына тоқталған Кеңес төрағасы Бақытжан Қыпшақбайұлы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында, еліміздің саяси, экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және әлеуметтік даму бағдарлары белгіленіп, заң мен тәртіпті қамтудағы стратегиялық басымдықтар айқындалғанын айтты. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары мен ұсыныстары, салық жүйесін қайта жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қабылдауға, ауыл шаруашылығы саласын қолжетімді несиелеуге, әділ және тиімді тарифтік саясатқа, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, білікті кадрлар даярлауға, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды», – деген Бақытжан Серманизов Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған негізгі міндеттерді түсіндіріп өтті.Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған партияның өңірлік филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, еліміздің болашақ бағдарын қамтыған ауқымы кең, мазмұны терең саяси құжат болғанын атап өтті. Президент лауазымына кіріскен күннен бастап, Мемлекет басшысы, ауқымды стратегиялық реформаларды қолға алғанын жеткізіп, кешегі Жолдау – сол реформалардың заңды жалғасы екенін айтты.«Мемлекет басшысы, Жолдауда ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Жалпы, қолға алынған түбегейлі реформалардың түпкі мәні – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағдарланғанын атап өтуіміз керек», – деген Алтынсары Дүйсенбекұлы, депутат мандатына ие әріптестерін, Жолдау айқындаған міндеттер бойынша, халықпен кездесулер өткізуге, мазмұнды жарияланымдар шығаруға шақырды.Сондай-ақ жиын барысында, Президент Жолдауының маңызды тармағы ретінде, экономикамызды көтеруде, жаңа өндірістерді ашу қажеттілігі айтылып, ол үшін көп энергияның қажет екені назарға алынғаны жеткізілді. Мұндай жоғары сұранысты, тек атом энергетикасы ғана шешуге мүмкіндік беретініне баса мән берілді.«Біз, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ойласақ, АЭС салудың маңызы зор екенінін түсінуіміз қажет. Себебі, энергетика қашан да, ел дамуының негізгі драйвері болып саналады. Бүгінгі таңдағы АЭС бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба екенін әлем ғалымдары айтуда. Өндірісте экологияға зиянды газдар шығармайды. Құрылысында озық технологиялар қолданылып, нысандағы қауіпсіздікті қамтудың ең кемі 3 жүйесі қолданылады. Қазіргі технологиялар қауіпсіздікті қамтудың 5 жүйесін қоюға мүмкіндік береді», – деді сала мамандарының пікірлерін келтірген Алтынсары Дүйсенбекұлы.Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес, партияның Сайлауалды бағдарламасын өңірімізде іске асыру жөніндегі Жол картасы индикаторларының орындалуы бойынша Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков пен Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков есеп берді.Жиын барысында Кеңес мүшелері тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, елді мекендерді ауыз сумен, газбен, сапалы электр қуатымен қамту, халық саны аз ауылдық жерлерде су тазарту кешендерін орнату, қалаларда шайынды су тазарту деңгейін арттыру бағыттарында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таразылады.Сондай-ақ, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы тарапынан мобильді интернетпен қамту, байланыс сапасын арттыруда базалық станцияларды орнату, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінің орындалуын қадағалау, «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасының іске асырылуын үйлестіру, күре жолдар бойындағы мобильді интернеттің сапасын арттыру, тұрғын жайларды интернетпен қамту, байланыс саласындағы инвестициялар көлемін ұлғайту, мектептердің сапалы интернетпен қамтылуын үйлестіру салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты қарастырылды.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық