Ақпарат

ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Еліміздің әр аумағында АЭС салуды қолдау жөнінде құрылған Халықтық штабтар жұмыс істеп жатыр. Штаб мүшелерін “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты Арыстан Сүлейменов бастаған штаб мүшелері бүгін Түркістан қаласындағы “Farab” әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдегі түрлі этнос өкілдерімен, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ұжым қызметкерлерімен және «Гранд Микс» ЖШС-інде кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті.Кездесу барысында штаб мүшелері АЭС салып, атомнан энергия өндірудің экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін пайдалы тұстарын түсіндірді. Сонымен қатар, сала мамандарының мұндай станциялардың қауіпсіздігі жөніндегі дәлел-дәйектерін келтіріп, құрылыс басталған жағдайда қаржының мақсатты түрде жұмсалатынын жеткізді.- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында АЭС салу туралы референдум өтетінін жариялады. Жалпы, қазір көптеген технология, өндіріс орындары мен кәсіпорындарға, тіпті тұрғындарға электр энергиясы ауадай қажет. Тұрмыс-тіршілігіміз түгелдей осы ресурсқа байланған. Бірақ соңғы кездері елімізде энергетика тапшылығы байқалып жатыр. Ал бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы атомнан энергия өндіру. Жасыратыны жоқ, халық арасында түйіні тарқатылмаған сұрақ көп. Ең бастысы – біз атом қаруы мен бейбіт атом энергиясын шатастырмауымыз қажет. Дұрыс білмейтін адамдарға түсіндіруіміз керек. Себебі, әлемдегі көптеген дамушы елдер заманауи АЭС-тер салу арқылы энергетика тәуелсіздігіне қол жеткізіп отыр. Біз де дамуды қаласақ, заман көшінен қалмауымыз керек, – деді Қалыйма Жантөреева.Сондай-ақ, энергетика саласының майталман маманы, тенхика ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Бекбаев Қазақстанда жылдан-жылға энергия тапшылығы артып жатқанын айтты. Сонымен қатар, көмір мен газдан энергия өндіру қоршаған ортаға көбірек зиян тигізетінін жеткізді.- Ел білетін Чернобыль, Фукусима сынды АЭС апаттары көптеген зерттеулер жүргізуге себеп болып, технологияны қарыштап дамытуға түркі болды. Соның арқасында заман талабына сай жетілдірілген қазіргі атом электр станциялары ең қауіпсіз энергия көзіне айналып отыр. Ал, күн, жел мен судан энергия өндіру тұрақсыз процесс, – дейді ол.Сонымен бірге, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлік саласындағы мәселелерге тоқталды.- Қазір Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып жатыр. Шетелдік инвесторлар да көптеп келуде. Бірақ кейбір ауқымды жобаларды іске асыру барысында энергетика тапшылығы орын алып жатыр. Бұл бір ғана мәселе болғанымен, салдарынан экономиканың тұралауы, инвестицияның салынбауы, жұмыс орындарының ашылмауы сынды көптеген проблема туындайды. Қазір энергияның біршама бөлігін шет мемлекеттерден сатып аламыз. Ал олар қандай да бір себеппен электр бермей қойса не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан мына заманда ең алдымен энергетика тәуелсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, – деді Асылан Сейілбекұлы.Жүздесу аясында АЭС-ке қатысты өзге де мәліметтер айтылып, салаға қажетті мамандар әзірлеу, шет мемлекеттердегі батыл шешімдер, атом өндіру бағытындағы әлемдік тәжірибелер сынды тақырыптар сөз болды. Өз кезегінде тыңдаушылар да ой-пікірлерін ортаға салып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Кездесу соңында штаб мүшелері азаматтарды референдумға шақырып, қатысушылар таңдау жасайтындықтарын жеткізді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатын болады. 

Қатысты жаңалықтар

Тоқаев: Коронавирус пандемиясын жеңу үшін екі жыл қажет

azatmedia

Еңбек адамы – Абдиев Ғайрулла

azatmedia

Жақсылықтан үміт үзбейік

azatmedia