Рас, қазір халықтың билік туралы көзқарасы онша жақсы емес. Шенділердің тірлігін мақтайтындардан, даттайтындар көбейіп барады. Тіптен соңғы кездері олардың тірлігі әалғыс емес, қарғыста лайық» деген пікірлер де шыға бастаған, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Skifnews.kz ақпарат порталы.
Расы керек, бүгінде әлеуметтік желіні биліктің барометрі деуге болады. Шенеуніктер неден сүрінгенін, не бүлдіріп жатқанын яғни биліктің бар болмысын жұрттың әлеуметтік желі бетіндегі жазбаларына қарап бағамдай беруге болады.
Мәселен журналист Ардақ Айбарұлы атқамінерлердің біразына «Халық қарғысы» деген медаль шығарып, тарату керек деген ұсыныс білдірген. Оның айтуынша, олар сөз түсінетін жағдайдан қалған. Ал қарапайым халық алақандай жерге зар болып, Ұлы даланың ұлы квартиранты болып жүр.
«Халық қарғысы» деген медаль шығарып, тарату керек Алматы облысындағы біраз әкімқараға! Аудандық, қалалық әкімдіктердегі к…і дәу көкелердің 4 мыңнан астам жер телімін заңсыз үлестіргені анықталды. Қазір осы мәселеге байланысты тиісті органдарға қуыным әзірленіп жатыр. Масқара, иә!», – деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Журналист сонымен қатар, өз жазбасында қарғысқа лайық іс қылатын шенеунікердің ешбірі жазаға тартылмай, қағанағы қарық, сағанағы сарық күн кешіп жүргенін айтқан.
«Ал бізде керісінше, артына ит қосып қуатын жемқорлар ішкі де сыртқы саясаттағы інішектерінен «Халық алғысын» алып, бір-бірінің май басқан қолын қаттырақ қыса құттықтап, мәз болысып жүр. 10 сотық жердің кезегінде тұрған халықта есеп жоқ. Ұлы даланың ұлы квартиранты көбі.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатын өзгертіп, оны телім-телімге бөліп саудалайтындарың әзірге қағанағы қарық, сағанағы сарық, /Сәбит Мұқанов ең алғаш осылай қолданған бұл тұрақты сөз тіркесін, қарқ, сарқ демеген/ к…і тырқ-тырқ. Кекірік атып жүре тұрыңдар, тышқақтайсыңдар әлі. Жегендерің желкелеріңнен шығады.
«Халық қарғысы» төсбелгісі мен куәлігін түрмелерге дейін жеткізіп беретін күн туса игі. Әй, бірақ бұларға сөзді қор қылу бекер. Тап қазір айтқаныңды ұғатын жағдайда емес олар. Шерхан ағам не деуші еді мұндайда? Сөз таппағанан емес, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтықтан» айтқан болар. Бір кем дүние…», – дейді жазба авторы.
Расы керек, журналистің бұл жазбасы әлеуметтік желі бетінде қызу талқыланып жатыр. Астына лүпіл басып, пікір білдірушілердің дені өздерінің қолдайтындарын білдірген.
Тіптен кейбірі «Халық қарғысына» лайық шенеуніктердің тізімін жасай берейік деген ұсыныс білдірген.