”AMANAT» партиясының жемісті жүзеге асып келе жатқан жобаларының бірі – қоғамдық қабылдаулар алаңы. Партияның Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау алаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Мұнда Бейсенбай Дәулетұлы жетекшілік ететін білім, денсаулық және әлеуметтік сала бойынша қоғамдық қабылдауға жазылушылар легі көп болды. Олардың басым бөлігі денсаулық және білім саласындағы кейбір түйткілді жәйттердің оңды шешілуіне ықпал етуін өтінді. Мәселен, түркістандық тұрғын Д.Ташекеева мектептен босатылғандығын айтып, қайта жұмысқа орналасуға көмек сұрап өтінішін білдірді. Қабылдауға жазылған тұрғынды мұқият тындаған Бейсенбай Дәулетұлы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нурпейсовке өтініш иесін тұрақты жұмысқа орналастыру үшін бос орындарға конкурс жариялап, заңға сәйкес жұмысқа орналастыруды қарастыру қажеттігі бойынша тапсырма берді.Ал, Жетісай ауданының тұрғыны П.Биматов ауданның орталық ауруханасында 20-30 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға «Ерен еңбегі үшін» медалін алуға ықпал ету қажеттігі бойынша ұсынысын білдірді. Облыс әкімінің орынбасары аталған ұсыныстың дұрыстығын жеткізіп, ол бойынша Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Сатыбалдыға көп жылдық еңбегі бар азаматтарға марапатты заңға сәйкес ұсыныс беру қажеттігін жүктеді.Мектеп директорының үстінен шағым айта келген ұстаздың тағы бір мәселесі жер дауы. Мәселені зер сала тыңдаған облыс әкімінің орынбасары мектеп директорының іс-әрекеттері бойынша шағымын Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нурпейсовке тексеру жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, жер мәселесі бойынша өтінішін Түркістан облыстық жер қатынастар басқармасына жеке қабылдаудың хаттамасы негізінде өтініш иесінің мәселесін қарап, жауап беру қажеттігін айтып, аталған жәйттерді бақылауда ұстайтынын хабарлады.