Мемлекет басшысы қазіргі заман ақыл-ой мен дарын иелерінің заманы екенін айтып, жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы керектігін назарға алды. Түркістан облысы ежелден ілім-білімнің орталығы болған қастерлі мекен. Талай буын ғұлама-ойшылдардың кіндігі байланған, табаны тиген топырақтың ағартушылық миссиясын қайта жаңғырту – бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті перзенттік борышы деп білеміз.
Алдымызда тұрған ұлы мұратқа ұмтылуда өңірдің зияткерлік ортасын құруды мақсат етіп отырған, «AMANAT-AQYLMAN» жобасы өңір тұрғындары арасында зияткерлік рухты қайта түлеткен бастамалардың біріне айналды. Өңірдегі партияластарымыз санатындағы жас белсенділердің басын біріктірген «Жастар рухы» жастар қанатының ұсынысымен биыл ілкімді жоба әрі қарай жалғасуда.
Кеше аталған зияткерлік сайыстың алғашқы іріктеу ойыны ауданымызда өтті. Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты мен Қазығұрт аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен өткізілген интеллектуалды ойындардың ашылуына «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Е.Исақұлов, Қазығұрт аудандық орталық кітапхана басшысы, «Қазығұрт айнасы» газетінің редакторы Р.Айтубай, Қазығұрт аудандық мәслихат депутаты С.Қыпшақбаев қатысып, зерек ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шоғырын тәрбиелейтін іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздар тұғырынан көрінуге тілектестігін білдірді.
Интелектуалды ойынның іріктеу кезеңіне барлығы 8 команда қатысып, ойын ережесі бойынша 4 шартты орындап шықты. Әр салада еңбек ететін қоғам белсенділері азаматтық жауапкершілік, туған жердің қадір-қасиетін білу, ораторлық шеберлік бойынша өзара сайысқа түсті.Қазылар алқасының шешімімен, аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің мамандарынан құралған “Қазығұрт Жастары” командасы бірінші орын иеленді.Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз.