Соңғы жаңалықтар

Туған жер – Қазығұрт туралы толғаныс 

Иә, әр елдің қасиетті жерлері болады. Оны сол халықтың әр азаматы білуге тиіс. Жас ұрпақ ғибрат алатын қасиетті орындар Оңтүстік өңірінде де жеткілікті. Соның бірі де бірегейі – адамзаттың алтын бесігі саналатын Қазығұрт тауы. Сонау көне замандардан бастап тек Қазығұрт өңіріне ғана емес, күллі қазаққа, мұсылман әлеміне, қала берді жер жүзіне мәлім болған таудың бірі – осы Қазығұрт тауы. Бұл тауға деген ықыласы мен ыстық сүйіспеншілігін халқымыз аңызбен өрбітіп, ақырын ақиқатқа әкеліп тірейді.

Жазба деректерде Қазығұрт атауы алғаш рет Х ғасырдағы Қорқыт туралы жырда кездеседі. Араб географы Ибн Хордадбек ІХ ғасырда Ташкент пен Сайрам арасындағы елді мекен Қазығұрт аталатынын тілге тиек еткен. Сондай-ақ, Әбілғазының «Түрікмендер шежіресі», тарихшылар әл-Бұхарридің, Г.В.Григорьевтің, араб саяхатшысы Истахридің, белгілі географ И.В. Мушкетовтің жазбалары мен зерттеулерінде Қазығұртқа қатысты деректер кездесіп отырады. И.В.Мушкетов 1874 жылы тау басына шығу барысында ауырып қалғанын айта отырып, ондағы Қазығұрт ата қабірінің орнын сипаттап жазады. Қабір жанында өскен қасиетті ағашқа құрмет белгісі ретінде келушілер түрлі шүберектер іліп, белгі қалдырғанын көреді.

1872 жылы Санк-Петербургтен шыққан Н.М.Маевтың «Түркістан топографиясы» кітабында халық аңызы бойынша Қазығұрт тауы әлемдік топан судан кейін Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған биіктік есептелетіні көрсетілген. Атақты фольклор жинаушы Ә.Диваевтың 1896 жылы «Қазығұрттың басында кеме қалған» атты еңбегінде Қазығұрт атаны Құдайдың Көк пен Жер сияқты алғашқылардың қатарында жаратқаны жайлы аңыз келтіріледі.

Зерттеуші ғалымдар Тянь-Шань сілемдерінде жеке тұрған Қазығұрт тауы шамамен 300 миллион жылдай бұрын пайда болып, 65-70 миллион жылдай су астында жатқан деген топшылаулар жасаған. Оған тау айналасынан табылған мұхит құмы, өзге де мұхитқа қатысты көне заттардың табылуы мен 1981 жылы жол салу мақсатында қазылғанда Қазығұрт асуындағы 30 метрдей тереңдіктен алып динозаврдың сүйегі шығуы дәлел болғандай.

Князь В.И.Масальскийдің құрастыруымен Санкт-Петербургте 1913 жылы шыққан «Атамекеннің толық топографиялық сипаттамасы. Түркістан өлкесі» атты кітапта Қазығұрт туралы аңызға тоқталады. «Екі басты Қазығұрт тауының даңқы өлкенің мұсылман халқына Қазығұрт ата жерленген орын және топан судан соң Нұх кемесі тоқтаған жер ретінде қасиетті саналады. Осы түркістандық Арарат жөнінде аңыз әңгімелерде қазақ ақындары қобыз бен домбыраның сүйемелдеуімен Қазығұрт басындағы кемеде аман қалған жануарлар туралы жырлайды» деген мәліметтер келтіреді.

Шымкент қаласынан 35 шақырым қашықтықтағы Қазығұрт тауының ұзындығы – 20, ені – 10 шақырым, биіктігі – 1768 метр. Қазығұрт атауының шығуы жайлы нақты дерек жоқ. Ғалым Е.Қойшыбаев көне түркі тайпа атауларының «қаз» және «құрт» қос этнонимімен байланыстырады. Ал, жазушы С.Бақбергенов «қазы» – төреші, әділ, «құрт» – қасқыр деген мағына білдіретінін тұжырымдайды. Ал, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов Қазығұрт атауын Қазықжұрт атауымен байланыстырады.

Ақын Мағжан Жұмабаев:

– Балқашты баурына алған Тарбағатай,

Жоталы жер кіндігі – Памир, Алтай,

Қазығұрт қасиетті тау болмаса,

Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай? – деп жырлайды.

Ақын Әбділда Тәжібаев:

– Тау болсаң болсайшы,

Қазығұрт секілді,

Білмейтін астамсып,

Асқақтық етуді, – деп тебіренеді.

Тарихшы-этнограф Жағда Бабалықұлы көзі тірісінде Қазығұрт тауының етегінде өткен наурыз тойына арнайы шақырумен келген болатын. Сонда көптеген қызықты әңгімелер шертті. 1970 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханадан Байтұрсынов емлесімен жазылған үлкен кітап тауып алып, оқып шығыпты. Сол кітапта «Наурыз» атты ұзақ жыр бар екен. Онда топан суынан кейін Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтағанда күн мен түннің теңескені жыр жолдарымен беріліпті. Алты айға созылған топан суынан кемеге мінген 80 адамның жетеуі ғана тірі қалады. Олар Нұх пайғамбардың өзі мен Хам, Сам, Иофес есімді үш ұлы Әшиат, Ләйлда, Айша атты үш келіні. Адамзаттың жаңа ұрпағы осылардан өсіп, өнеді.

Қасиетті тау жоталарында төрт түлік мал мен аң-құстардың, өсімдіктердің тұқымы да Жаратушы ие мен пірлердің шарапаты арқасында жетіледі. Олардың аяғы тиген жерлер киелі, әулиелі жерлер саналады. Мәселен, Қазығұрт ата, Ақбура ата, Көзді ата, Әңгір ата, Шілтер ата, Мейрам ата, Қайнар ата атаулары сол кезден бүгінге жеткен. Таудың заңғар төбесінде Кеме қалған шыңы бар. Айналасында «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбардың саусағы», «Пайғамбардың жайнамазы», «Пайғамбардың ошағы», «Пайғамбар атының су ішкен жері» деп аталатын киелі атаулардың болуы – Нұх пайғамбар кемесінің осында қайырлауының айқын дәлеліндей.

Жұмбағы көп таудың шипалы сулары мен адамдар сыйынатын қасиетті орындары аз емес. Ғайып ерен-қырық шілтен жотасы етегінде бір қайнардан үш түрлі қасиеті бар үш бұлақ көзі ағып жатыр. Биіктігі 4 метр, ұзындығы 5-6 метр келетін Адам Ата-Жер Ана жартасы – құпия орындардың бірі. Еркек пен әйел, ана мен баланың символдық бейнелері екі жартас арқылы екі жаққа бөлініп тұр. Осы жартастың арасындағы саңылаудан саяхаттап келушілер Құдайға сыйынып барып өтеді. Себебі, одан тек ниеті таза, жақсы тілеу тілеген көңілдері ақ, күнәсіз адамдар ғана тоқтаусыз өте алады. Ал, қарау, жамандықты көп жасаған адамдар ортасында қысылып қалып, қиналады делінеді.

Қазығұрт тауына кеме қайырлағаннан кейін топан судан аман қалғандар қасиетті қара жерді қайта басқаны үшін үлкен той өткізіпті. Осы думанда Нұх пайғамбардың өзі шашу шашыпты. «Бұл – табиғат мерекесі» деп атап, кемедегі азық-түліктен адамдар мен жан-жануарларға үлестіріп, Құдайға тәубе етіпті. Күллі тіршілік иелерін қуанышқа бөлеген осы күн есте ұсталып, жыл сайын мерекеленетін болыпты. Бұл күн мен түн теңескен наурыз айының 22 жұлдызына сәйкес келіпті. Көне қытай жазбаларында бұл күнді ғұндар ерекше мерекелеп, ортаға шыққан 365 жігіттің әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын күй шертетін дәстүрі туралы дерек қалдырылыпты.

Міне, Наурыз тойының Қазығұрттан басталатын сыры осында жатыр.

Батыс ғалымдары Нұх пайғамбар кемесінің Арарат тауында тоқтағаны жайлы тұжырым жасайды. Шын мәнінде дүние жүзі ғалымдары Арарат тауын да, Синай тауын да, Жудда тауын да ішек-қарнын ақтара зерттеді. Бірақ, қолға ілігер ғылми дәйек таба алмады. Керісінше, кеменің сұлбасы саналып келген нысандардың бірі мәңгі қар мен мұз сүңгілері болып шықты. Ал, енді бірі – қойма ма, мал қамайтын қора ма, әйтеуір, кеме деуге келмейтін жай ғана көрініс екендігі анықталды.

Арарат тауының құпиясын ашу мақсатында Вадим Чернобровтың жетекшілігімен 2002-2003 жылдары Ресейдің «Космопоиск» қоғамдық-ғылыми бірлестігі зерттеу экспедициясын ұйымдастырады. Рұқсат етілмегендіктен Түркия жағынан тауға жасырын көтеріліп, Нұх кемесі жатқаны туралы барлық құжаттар мен жарияланымдарды негізге алып, зерттейді. Ақыры, қисайып жатқан кемеге ұқсас ұзындығы 200 метр, биіктігі 50 метрдей қар мен мұз құрсауындағы тас қатпарлары екеніне көз жеткізеді.

Қысқасы, Американың да, Ресейдің де ғалымдары Нұх пайғамбар кемесіне қатысты зерттеулер жүргізген өзге де ғалымдар Синайдан да, Арараттан да табан тірер ғылыми дәйектер таппаған.

Ресей ғалымдары толассыз жүргізген зерттеу қорытындылары арқылы бұдан 12670 жыл бұрын жүріп өткен топан су іздерін Қазығұрт тауынан да, Орта Азияның өзге аймақтарынан да кездестірген. Оның үстіне дүние жүзі ғалымдары тіршіліктің алғашқы жасушалары Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде пайда болғаны туралы пайымдаулар айтады.

Нұх пайғамбар кемесінің Арарат пен Синай тауларында қайырлағанын айғақтайтын аңыздар да, дастандар да жоқ. Егер бар болса, еврейлер мен армяндар оны бүкіл әлемге паш етер еді. Ал, қазақта дастанға татырлық екі бірдей ұзақ жыр бар. Оның біріншісі – «Басында Қазығұрттың кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған…» деп басталатын төрт түліктің өрбігенін дәріптейтін, мал пірлеріне қатысты жыр да, екіншісі – «Таулар соғысы» жыры. Мұнда Нұх кемесі өзіне тоқтайтынынан дәмеленіп, астамсып тұрған биік таулардың аласа Қазығұрт тауына тоқтағанына ыза болып, соғыс ашуы суреттеледі. Олардың ниетін сезген Қазығұрт тауы өз айналасындағы –Ордабасы, Қызылсеңгір, Әлімтау, Қойлық, Аңқи, Бағаналы, Маңсары Қыңырақ сияқты жеті іні тауларына жәрдем беруін өтініп, елші жібереді. «Мұның ағайындары көп екен» деп сескенген өзге таулар амалсыз кері шегінеді. Сонда да құр кеткісі келмей, Қазығұртты төбесінен бір-бір соққылап өтеді. Содан Қазығұрттың төбесі еңкіш тартып, өркештеніп қалады.

Міне, осыны негізге ала отырып, кемесі Қазығұртқа қайырлағанда Нұх пайғамбардың өзі шашу шашқан делінетін Наурыз мерекесін тойлауды игі дәстүрге айналдырдық. Көктем мерекесі Оңтүстіктен басталса, Наурызды тойлауды Қазығұрттан бастап жүрміз. «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы арқылы алғаш әз Наурыз түркі дүниесінің түп қазығы саналатын – Түркістанда, 2010 жылы Қазығұрт ауданында өткізілсе, 2017 жылы бұл игі дәстүр «Наурыз Қазығұрттан басталған…» тақырыбымен Қазығұртта атап өтілді.

Әз Наурызды ауданда жыл сайын идеялық жағынан түрлентіп, мазмұны мен тақырып ауқымын кеңейту арқылы тойлау жалғасын тауып келеді. Бірлік пен берекеге, татулық пен достыққа, ырыс пен ынтымаққа шақыру ниеті көзделген ұлыстың ұлы күнін тойлау Қазығұрт өңірінде 9-12 күнге созылады. Мұнда мерекелеп, тамашалаумен қатар Табиғат-анамызға қамқорлық жасау, өткендерді еске алып, қарияларға құрмет көрсету, кембағалдар мен қаріп-қасерлерге материалдық көмек көрсету, араздасқандарды татуластырып, дімкәс жандардың көңілін сұрау сияқты мейірімділік пен қайырымдылықты, бауырмалдықты адамдар жүрегіне ұялату мақсат етіледі. Жас босанған аналарға сый-құрмет жасалып, жас жұбайларға неке куәлігін табыстау, жаңа туған нәрестелерге ат қою, бесікке салу, тұсауын кесу сияқты салттар атқарылады. 22 наурыз тек ағайын-туғандардың, руластардың, құда-жекжаттардың ғана сыйласуы емес, күллі халық өкілдерінің ынтымағына үйлестірілген, Қазығұрттың жалпы адамзат пен тіршіліктің алтын қазығы екенін дәріптеп, паш ететін ұлан-асыр тойға ұласқан мерекеге айналады. Ауданның 110 мыңнан аса халқы еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін той шеруінен қалыс қалмай, қуанышқа кенеледі. Облыс аудандары мен өзге де ірі қалалардан арнайы қонақтар шақырылып, оларға құрмет көрсетіледі.

Ауданның 10 мыңнан астам ардагері, Батыр аналар, Алтын алқа иегерлері, үлгілі отбасы иелері мен зиялы қауым ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа әңгімелеп береді. Соңы бүкілхалықтық серуенге ұласады.

Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат аудан ардагерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса отырып, әр күннің қалай аталуын, онда қандай жұмыстар атқарылатынын белгілейді.

Алдағы кезде Наурызды тек тойлаумен шектелмей, Қазығұрт тауының құпияларын зерттеп, зерделеуге ғалымдарымыз бен ақын-жазушыларымызды, суретшілер мен сазгерлерді тартсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазығұртты табиғи-тарихи ескерткіштер ретінде туристік аймаққа айналдырып, әлемге танытуға қолдан келгеннің бәрін жасаған дұрыс.

Асан қайғы бабамыз «Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екенсің. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің!» деп тамсанған қасиетті тауды қалай асқақтатсақ та жарасады. Рас, бүгінде мұнда бірқатар игі тірліктер атқарылып жатыр. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төр­алқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен жұртшылықтың талап-тілегіне орай Ленин ауданы Қазығұрт ауданы болып өзгертілді. Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұлов көп еңбектеніп, «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» атты әдеби-танымдық кітап жазды. Сонымен бірге Ташкент–Шымкент жолының Қазығұрт асуынан өтер тұсына Нұх пайғамбар кемесінің макетін қоюға ықпал етті. Қалаубек ағамыз осы аймаққа қазақ даналары мен ойшылдарының ескерткіштері мен монументтер кешенін тұрғызу жайлы да ой тастаған болатын. Шымкент қаласының бір шағынауданы, облыстағы екі мектеп киелі тау атымен аталады. Бұл – құптарлық жай.

2017 жылы Қазығұрт тауының етегінде, әйгілі Ақбура әулиенің маңында өткізілген «Наурыз – Қазығұрттан басталған» атты облыс деңгейіндегі ірі форумда бірқатар іс-шаралар қабылданған болатын. Атап айтқанда, Ақбура әулиенің маңынан мұражай, қонақүй, мейрамхана, 20 гектарға арнайы атшабар, 4 шақырымдық автожол, Кемеқалған шыңына шығаратын 3,1 шақырымдық қанатты жол салып, «Кемеқалған» кешенді орталығын көркейтіп, көріктендіруге бәтуа жасалған еді. Бұл таудың қасиетін асқақтатып, саяхатшылардың көптеп келуіне жол ашар еді. Әттең, осының бәрі қағаз жүзінде қалып қоймай, жүзеге асса, әулиелі аймақтың кереметін көруге қалың жұртшылық ағылып келіп, әрі тынығып, әрі рухани нәр алып қайтқан болар еді. Билік басындағы тізгін ұстаған азаматтар оны жүзеге асыруға ниеттенсе – қаржы да, демеушілер де табылып, Алланың нұрына бөленетініне сенімдіміз.

Биыл – Қазығұрт ауданының құрылғанына 96 жыл, ауданның Қазығұрт аталғанына 31 жыл толады. Адамзаттың алтын бесігі саналған киелі Қазығұртты гүлдендіріп, әлемдік деңгейге көтеру – бүгінгі буынның асыл парыздарының бірі. Ақын, жазушыларымыз Қазығұртты жаңа шығармаларына өзек етсе, композиторларымыз Қазығұртқа жаңа әндер шығарса, әулие таудың нұрына малынар еді. Барымызды бағалап, асылымызды саралап, елдік мұраттарымызды асқақтата түсуге баршамыз да өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Бектай ШЕТЕНОВ, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы.

Қатысты жаңалықтар

ТАЯУДА ТЕГІН КӘСІПТІК ОҚЫТУ КУРСТАРЫ БАСТАЛАДЫ

azatmedia

ӨКПЕСІНІҢ 98 ПАЙЫЗЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛ АУРУХАНАДАН ШЫҚТЫ

azatmedia

АКИМ АЛЬ-ФАРАБИЙСКОГО РАЙОНА В ПРЯМОМ ЭФИРЕ ОТВЕТИЛ НА ВОПРОСЫ ЖИТЕЛЕЙ

azatmedia