26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күні. “Есірткіге ЖОҚ деп айтуға тұратын 10 себеп қандай?”, “Нашақорлықтың салдары”, “Есірткіден қалай бас тартуға болады”, “Бас тарту тактикасы” жайлы халыққа түсінік берді. Сонымен қатар, нашақорлық қазіргі таңда қоғамның дерті болып тұрған қауіпті індет екенін айтып, жастарымызға жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Қазығұрт ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Жігерген ауылы округінің ұйымдастыруымен “Жастар есірткіге қарсы” тақырыпта асық ату, арқан тарту, қошқар көрету, және эстафеталық жарыстар өтті.
Мақсаты: Жастар мен жасөспірімдер арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады.Аталмыш жарысқа ауданымыздың 6 ауыл округінен 6 команда қатысып, өз бақтарын сынады, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан спортшылардың спортқа деген құлшынысын ойын барысында көрсетті.
Нәтижесінде:
Бірінші орын- Жігерген жастары командасы
Екінші орын- Жаңабазар жастары командасы
Үшінші орын- Жігерген2 жастары командасы иеленді.
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлық тек кең ауқымды мәселе ғана емес, сонымен қатар өрлеу үстіндегі еліміздің маңызды проблемасы. Оның әлеуметтік салдары бар: қылмыс пен адамгершілікке жат әрекеттер жасалады, жеке тұлғаның және жалпы халықтың кері кетуі байқалады, өлім, әсіресе жастар арасында өлім жиелейді, өмірге қауіп төндіретін дерттер күшейіп, кемтар балалармен, ажырасу көбейеді.
Рухани жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс ел дамуының басты қағидасына айналуы тиіс. Ол үшін әр қазақстандық заман ағымына сай өзгере білуі керек. Біздің мақсатымыз, ерлік пен елдікті, батырлықты, өскелең ұрпақтың бойы мен ойына отансүйгіштік рухты дарыту. Өйткені рух жоқ жерде ұлт та жоқ, халық та жоқ. Біз құрбы-құрдастарымыз бен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын кең тұрғыда жүргізуді өз міндетіміз деп есептейміз. Егер сен еліңнің жарқын болашағына нық сеніммен қарасаң, жастық күш-жігеріңе сеніп, қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамаймын десең, бізбен бірге нашақорлыққа жол берме!
Есірткі, алкоголь, темекі – бұлар қастандық теориясының ең мықты тетігі. Әлемдегі өлім-жітімнің 60-70%-ы осы өнімдердің салдарынан туындайды. Қорыта айтқанда әлсіздердің өлімінен әрі пайда түседі, әрі халық саны қысқарады.Бір ерекшелігі, нашақорлар басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Өйткені ол еңбек етуге дәрмені жоқ болғандықтан, есірткі сатып алуға қажетті ақша іздейді де жүреді. Нашақор қаражатты ұрлықпен табудан басқа амалын білмейді, ал ұрлық әрдайым жазасыз болмайды. Сондықтан ол ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де сол. Олар алдымен наша шегуді немесе ес ауыстыратын дәрі ішуді ұсынады. Еліктегіш жастар дәм тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысуды, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын дейді. Бара-бара жасөспірім нашақорға айналады.
Айта кетейік, есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы – жастарды нашақорлық індетінен аластату барлық мүдделі органдардың міндеті. Осылай деген мамандар жастарды есірткіден қалай қорғап қалуға болады деген сауалға жауап іздеді. «Қазіргі жастар тез өсіп, дене бітімі тез жетіледі. Алайда олардың сана-сезімі мен дүниетанымы әлі де болса балалықтан асып кете алмайды. Біздің айналамызда еңгезердей балақайлар жиі кездеседі. 9-12 жасар балалар есірткіге сирек әуес болады. Оларды әуестендіру әдейі жасалған әрекет болмаса, бұл жастағылар темекі шегуді де мәртебе санайды. Тоғыз-он екі жасарлар үй жақта немесе мектепте арзан улы химикаттарды иіскеуі мүмкін. Сондықтан ата-ананың міндеті осы жастағы балаға көбірек көңіл бөліп, темекі, спирттік ішімдік және есірткінің зияны туралы жиі айтулары қажет. Аталмыш жастағы балалардың психикасы сезімтал болады, жасөспірімдер көргенін өмір бақи ұмытпайды. Мұндай жаста балаңызға аса көңіл аударыңыз, өйткені оның болашағы, келешекте дені сау азамат болып өсу мәселесі дәл сол кездері шешіледі» , – дейді Түркістан облысы «Қоғамдық денсаулық басқармасы» облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Дәметкен Алмаханқызы.
Есірткінің ерекшелігі сол, адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып калады. Міне, адамдардың нашақор болу себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы, бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең есірткіге тәуелді болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады деген арбау сөздерімен жаман жолға тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, есірткінің дәмін татады да, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады және мейлі ол тек марихуана шеккеннің өзінде жасы ұзаққа созылмайды.
“Марихуана шегетіндердің ең алдымен өкпесі қабынады, бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да адам өлімге дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар бұл есірткінің бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді. Ал оның миға кері әсерінің салдарынан адамның жады қабілеті нашарлап, ұмытшақ етеді.
Марихуана шегушілердің басқалармен қарым-қатынас жасауға құлқы болмайды. Есірткінің опиат тобындағы түрлерін қолдану нашақорлар арасындағы өлімнің және мүгедектің басты себебі болып табылады», – дейді мамандар.
Жасөспірімдер арасында нашақорлыққа салынуға бейім жағдайларға ата-ананың баласын тәрбиелеуге уақытының болмауы, жасөспірімнің үйден тыс өмірін қадағаламауы, отбасы мүшелерінің бірі арақ-шарап ішуі немесе есірткі колдануы, әкесі мен шешесінің жиі жанжалдасуы, мектепте мұғалімдердің есірткі мәселелеріне көңіл бөлмеуі сынды себептерді айтуға болады. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбеуі, достарының арасында нашақорлардың бар болуы, өзінен жасы үлкен достарының жетегінде жүруі, ішімдік пен есірткіге қол жеткізудің оңай болуы және әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі де нашақорлыққа бастап барар жолдардың бірі екенін айтуымыз керек.