Кентау қаласына облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, елімізге танымал продюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев және бірқатар өнер жұлдыздары жұмыс сапарымен барды.
Қала әкімі Жандос Тасовпен кездесіп, Түркістан өңірінде киноиндустрия саласы бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес үлкен жобаның бастағалы жатқаны жайында сөз болды. Сол бағытта аудан-қалаларды аралап, кино түсіруге мүмкіндіктер бары қаралып жатқаны айтылды. Қала басшысы облыстың мәдениетін дамыту бағытындағы Кентауға да оң ықпал беретін жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.Кездесуге Нұрлан Қоянбаевпен бірге еліміздің жарық жұлдыздары әнші Нұржан Керменбаев, «Ринго» тобының мүшесі Аян Бірбаев, актер Дәулет Бижановтар бар.
Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалды өнер жұлдыздарымен кездесуінде «Қай салада болмасын Түркістанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар. Өздеріңізге белгілі, ұрпақ тәрбиесінде кино индустрияның алар орны айрықша. Еліміздің тарихын танытып, көрнекті жерлерін насихаттап, тұлғаларын дәріптеудің бірден бір жолы – кино және анимациялық туындыларды шығару. Оның үстіне, Түркістан облысында киелі мекендер, аты ел аузында қалған тұлғалар мен тамыры терең аңыздар көптеп кездеседі. Түркістанды халықаралық жастар орталығына айналдыруды көздейміз. Біз бұл бағыттағы креативті ұсыныстарға ашықпыз. Отандық өнімдерді қолдаймыз. Локация белгілеу, қажетті техникамен жабдықтауға мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайынбыз» деген болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі