Ақпарат

БІЛІМПАЗДАР БӘЙГЕСІ ЖАЛҒАСУДА

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Құрылтайда жаңа қоғамдық этика туралы айтқаны белгілі. Қоғамдық қатынастар саласында жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыратын, Адал азамат ұғымын басшылыққа алып, ілгерілететін бұл бастама, шын мәнінде, елдік істерді алға шығарып, жұртшылықты ұлттық мүдде аясына бірігуге шақырады. Елдік жиында сөз алған Мемлекет басшысы, елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, жастарға арналатынын айтты. «Бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Қасиетті Түркістан топырағында жаңғырған келелі ойды нақтылы іспенен жалғастыруда, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты, «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойындар өткізуді қолға алды. Мақсаты – жастардың зияткерлік қабілетін шыңдау, олардың отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр боп тұлғалық қалыптасуына сеп болу, ортақ мақсат аясына топтасқан жастарды командалық рухта тәрбиелеу, жас буынды туған жердің тарихын білуге, мәдениетін тануға, салт-санасын жаңғыртуға талпындыру. Зияткерлік ойындардың актық кезеңіне облыс аудандары мен қалаларындағы іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен ең мықты деген командалар қатысып, партияның облыстық филиалы дайындаған қомақты жүлдеге ие болмақ.

Жастардың жасампаздық қуатын сарапқа салған кезекті іріктеу ойындары Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында өтіп, партия ашып берген алаңда әр ауданның зияткер ұжымдары өз арасынан кіл мықтыларын анықтады. Оңтүстіктің жүрегі саналатын Мақтааралда ақылмандар сайысына 9 команда қатысып, тартысты ойын ырғағын көрсетті. Берілген төрт тапсырманы орындап, ұтымды жауаптарымен қазылар алқасының көзіне түскен кіл спортшылардан құралған «Намыс» командасы үшінші орынға табан тіресе, кітапханашылардың басын қосқан «Кітап Теам» командасы екінші орынды иеленді. Ал, «Атакент» ауруханасының ұжымынан құралған «Қыран» командасы ойын жеңімпазы деп танылып, Түркістанда өтетін финалдық ойындарға қатысатын болды.

«AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойындарының Жетісай ауданында өткен іріктеу байқауына да барлығы 9 команда қатысты. Оның ішінде 8 команданы бастауыш партия ұйымдары жасақтап, жарыс алаңына шығарса, 1 команда жастардың белсенді өкілдерінен құралды. Мұнда да ойыншылар қызықты сайыс өрнегін көрсетті, ақыл мен ойдың шынайы жарысын паш етті. Қазылар алқасының шешімімен «Фаворит» тобы үшінші орынға лайық деп танылса, «Жолдыбай Ералиев» тобы сайыстың екінші орнын иеленді. Жетісай ауданында да медицина саласының қызметкерлері үздіктер қатарынан көрініп, ақ халатты абзал жандардың «Денсаулық» командасы ақтық сайысқа жолдама алды.

Ал шағалалы Шардара ауданында өткен зияткерлік сайысқа барлығы 7 команда қатысып, ойын көркін ашты. Нағыз білім мен шынайы біліктің бәсекесі болған сайыста “IBILIM HIGH SKHOOL” жекеменшік мектебінің “IBILIM» командасы интеллектуалды ойындардың жеңімпазы деп танылса, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған «Журналистер» командасы екінші орынға тұрақтады. Ал, «Жаушықұм» бастауыш партия ұйымының өкілдерінен жасақталған команда жүлделі үшінші орынға ие болды.

Айта кету керек, «AMANAT AQYLMAN» жобасы өңір жастарының басын бір арнаға тоғыстырған, олардың қоғамдық белсенділігін арттырып, партия айқындаған құндылықтар аясына біріктірген маңызды бастамаға айналып отыр. Интеллектуалды ойындардың ақтық сайысы Түркістан қаласында өтіп, қазақ руханиятында жарқын ізі бар көне шаһардың ағартушылық миссиясын қайта түлетуге мүмкіндік ашпақ.

Қатысты жаңалықтар

НАУҚАСТАР САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ

azatmedia

«AMANAT»: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – АСЫРАУШЫ САЛА

azatmedia

БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМДАРЫ-ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ НЕГІЗІН ҚҰРАУШЫ

azatmedia