Ақпарат

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі ауылдық округ әкімдерінің облыстық форумы жұмысын бастады. Форумның ресми бөлігі басталғанға дейін, жиынға қатысушы ауыл әкімдеріне партияның әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары бойынша семинар болып өтті.

Семинарда «AMANAT» партиясының беделіне айналған, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыруда ауыл әкімдері тарапынан жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды нақтылы жүзеге асырудың тетіктері мен талаптары түсіндірілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруда егін, мал, құс және балық шаруашылықтарының қызметін жолға қою, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық паркін жаңарту міндеттері бойынша Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ауыл әкімдері қойған сауалдарға жауап берді. «Жер аманаты» бойынша жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару мәселелері жөнінде Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мағлұмат берді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындардың қаржылық сауатын көтеруге арналған оқу курстарын өткізу мәселесіндегі түйткілді сауалдарға «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай жауап берді. Талқыланған тақырыптың мәнін ашуда қаржылық сарапшылар әзірленген бейнеролик көрсетіліп, қоғамдағы өзекті мәселенің түпкі мәні ашылды.

Форум жұмысының ресми бөлігіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстағы құқық қорғау органдарының басшылық құрамы, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, 172 ауылдық округ әкімі, партияның жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Форум мәжілісін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев ашып, жүргізді. «Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды», деді партияның өңірлік филиалының төрағасы.

Форумның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауыл әкімдеріне тұрғындар тарапынан зор сенім артылғанын жеткізді. Облыс бойынша 181 ауылдық округ әкімдерінің 174-і сайлау нәтижесімен лауазымдарына тағайындалғанын атап өтті. Өңір көлемінде ауылдық аймақтарда іске асып жатқан жобалар жөнінде кеңінен тоқталды. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асқанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы жөнінде кең көлемді ақпарат берді.

Ауыл әкімдеріне күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелер бойынша әдістемелік көмек көрсетуді мақсат тұтқан жиын барысында, ауыл әкімдерінің корпусы мен облыстық деңгейдегі құқық органдары арасында өзара ықпалдастық байланыстарды орнату міндеті де көзделді. Партия ашып берген алаңда Түркістан облысындағы құқық органдарының басшылары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, өзара ықпалдастықты арттырудың тиімді тетіктерін талқылады.

Маңызды практикалық мәні айшықталған жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков хабарлама жасап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңдылықтың сақталуы, азаматтар өтініштерін қарау, қоғамдағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуде заңда белгіленген тәртіпте қажетті шаралар қабылдау мәселелерінде назар аударылуы тиіс талаптарға тоқталды. Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов қоғам тұрақтылығын сақтау мен қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, полиция құрылымдарымен өзара байланыстарды арттырудың мүмкіндіктерін тізіп берді.

Ал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қоғамдық қатынастарда сыбайлас жемқорлықпен байланысты тәуекелдерді төмендету, қоғамда осы келеңсіз көрініспен ымырасыз күрес жүргізу, нағыз құқықтық қоғам құру міндеттеріне тоқталды. Мемлекеттік сатып алу процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметттердің сапасы бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысушылар мен мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігін күшету мәселелері кеңінен баяндалды.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша ауыл әкімдерімен бірлескен іс-қимыл жүргізу бағытында қабылданған шешімдер жөнінде баяндады.

Форум жұмысының соңында мәжілістің қорытынды құжаты қабылданып, партия мен ауыл әкімдерінің корпусы арасында өзара тиімді жұмыс жүргізуді жалғастыруда бірқатар міндеттер белгіленді. Жиынға қатысушы әкімдердің атынан сөз алған Отырар ауданы, Балтакөл ауылдық округінің әкімі Сейтхан Ателов ауыл әкімдерінің жұмысына қажетті көптеген пайдалы ақпараттар алуға мүмкіндік берген «AMANAT» партиясына алғыс айтты.

Партиямен терең ықпалдастықта жұмыс жүргізіп, партия айқындаған құндылықтарды табысты іске асыруда белсенділігімен танылған 48 ауыл әкіміне Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Алғыс хаттар табыстап, жемісті еңбектеріне ризашылықтарын білдірді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: «МӘДЕНИ АСТАНА» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕТІ ІС-ШАРА ӨТЕДІ

azatmedia

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: «ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ» «КИБЕРКЕҢІСТІКТЕ АҚПАРАТТЫ ТҰТЫНУ МӘДЕНИЕТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

azatmedia