Қоғам

МАСЫЛДЫҚ – МЕНТАЛИТЕТ ПЕ?

Бізде «Онда бар ғой, берсе болады ғой», «Ол бар болса да бермейді», бермей қалса бітті «Ол сараң, аямшақ» деген жаман масылдық психология бар. Берісі масылдық, әрісі көре алмау, іштегі қызғаныш. Сізді танитын әркімнің алдыңызда белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Ауырсаңыз халіңізді сұрауы, басыңызға іс түсіп, қатты қиналсаңыз қол ұшын созуы, қайғыңызға ортақтасуы, қуанышыңызды бөлісуі ағайын-туысқанның, дос-жаранның, аралас-құралас таныстың туысқандық, адамдық парызы. 

Бірақ ел аман, жұрт тынышта, екі қол, екі аяғыңыз сау бола тұрып, он екі мүшеңіз бүтін бола тұрып өз басыңызды өзіңіз алып жүре алмасаңыз, тірлігіңізді тиянақтай алмасаңыз өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес. Айдың күннің аманында не единицаға, не тиын-тебенге жарымай жүрсе адамның өз обалы өзіне. Бұл жай ғана намыссыздық деген сөз. Соқтандай басыңызбен сұрамшақтана беруге намыстанбайсыз ба? 

Неге сізге олар бере беруге, көмектесе беруге, сұрамшақтығыңызды жомарттықпен жарылқай беруге міндетті? Өзінің арман-мақсатына қарай талпынып, тынбай еңбектеніп, тірнектеп жинап жүргенін неге көрінгенге шаша беруі керек? Қымбат уақытын сіздің шаруаңызды шешуге неге жұмсауы керек? Сіздің оған өткізіп қойған неңіз бар?  Онда бар бас, екі қол мен екі аяқ сізде де бар. Негізі, бар бәле адамның өзінен. Ұсақ-түйек болса да шама келгенше кісіге салмақ салмау, күніңді түсірмеу деген дүниені жадыға жақсылап түю керек-ау… 

Әсілі, ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес! Әр адамға әке-шешесі ғана міндетті. Дүниеге әкелген соң ержеткізіп, тәбиелеп, оқытып, өз қолын өз аузына жеткізгенше барын беруге міндетті. Бірақ бұл әке-шеше өлгенше міндетті деген сөз емес. Әке-шешенің баланың алдындағы соңғы міндеті аяқтандыру, ата-аналық парызын орындау. Болды. Менің түсінігімде. Өз қолы өз аузына жеткен соң әркім өз нанын өзі табуы керек. Керісінше ата-анаға қарайласуы қажет. Ал басқалар сізге тіпті де ештеңе міндетті емес. 

P.S.:  «Масылдарға» бәрі міндетті. Беруге, жағдайын жасауға, көмектесуге. Үкімет, әке-шешесі, ағайыны, тіпті тамыр-танысы. Бірақ олар өздеріне ешқашан «Мен оларға не бердім?», «Неге олар маған беруі керек?» деген сұрақтарды қоймайды. «Тепсе темір үзетін соқтандай азаматпын, өз қолым өз аузыма жеткен ересек адаммын, мен беруім керек қой, олар маған міндетті емес қой» дегенді ешқашан ойламайды. Неге екенін түсіне алар емеспін…

Қатысты жаңалықтар

Түркістандықтар ауыр жұмысы үшін әкімдіктен ақша ала алмай жүр

azatmedia

Әкім тойға тыйым салудың ерекше әдісін тапты

azatmedia

Масыл санадан – асыл санаға

azatmedia