Қоғам

СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯСЫ ИГІ МИССИЯНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ БОЛДЫ 

Биылғы көктемде алапат су тасқыны оннан астам өңірлерде тұтас елді мекендерді жайпады. Дәл осы қиын-қыстау күндерде халқымыздың бекем бірлігі мен ынтымағы көрініс тапқанын Мемлекет басшысы айрықша атап өтті.

Біз кез келген қиындықты ел болып бірлесе еңсерудің өнегелі үлгісін көрсеттік. «Бірлік түбі – береке» екенін тағы да дәлелдедік.Табиғи апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін жедел түрде Ассамблеяның республикалық және өңірлік штабтарын құрдық. «Жүректен – жүрекке» ауқымды акциясын өткіздік.

Соның нәтижесінде апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеге 1500 тоннадан астам азық-түлік пен алғашқы қажеттілік тауарларын жөнелттік.

Этномәдени бірлестіктердің 12 мың волонтері қайырымдылық көмек жинауға, эвакуациялауды ұйымдастыруға және ел ішінде жедел ақпарат таратуға қатысты.

Еліміздің Президенті Ассамблеяның белсенді және үйлесімді жұмысына өз ризашылығын білдірді.

Түркістан облыстық Ассамблеясы осы игі миссияның көшбасшысы болды. Түркістандық Ассамблея құны 150 миллион теңгеге жуық 630 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберді.Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.

Осы орайда, күрделі кезеңде отандастарына көмекке келген, азаматтық ерліктің, мейірімділік пен адамгершіліктің үлгісін көрсеткен барша түркістандықтарға алғыс айтамын!

Түркістан облысы – қазақ мәдениетінің, дәстүр-салты мен тілінің алтын ұясы мен қайнар көзі. Өңірдегі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. Олардың 92 пайызы қазақ тілін жетік меңгерген.Біз қасиетті тілімізді барлық этностармен бірге қорғап, бір-бірімізді мәдени жағынан өзара байыта береміз.

Сессияда Мемлекет басшысы этномедиацияның, оның ішінде Түркістан облысындағы жетістіктерді атап өтті.

Бұл ретте Түркістан этномедиаторлары үшін жұмыс көлемі аудандар мен ауылдар деңгейінде ауқымды болып қала береді, мен бұл жұмыстың қарқынын төмендетпеуді сұраймын.

Түркістан облысында 2 миллион 150 мың адам тұрады, жарты миллионнан астамы – түрлі этностардың өкілдері.Түркістан Ассамблеясы – өңірлік ассамблеялар қатарындағы ең ірі және ұйымшыл ұжымдардың бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз», – деуі де тегін болмаса керек. Бұл ұлт болашағын терең ойлаудан туған ой деп қабылдаймыз.

Сөзімнің соңында хакім Абайдың: «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін»,– деген сөздеріне терең зер салсақ дегім келеді.

Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан нәрсе – Ел бірлігі. Бірлігіміз бекем болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Түркістан облысының барлық тұрғындарына бақ-береке, қажымас қайрат, жарқын болашақ тілеймін!

(ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісіМ.А. Әзілхановтың сөйлеген сөзінен)

Қатысты жаңалықтар

Зорлыққа жол жоқ!

azatmedia

МАСЫЛДЫҚ – ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛ

azatmedia

Көкшелік студенттермен кездесті

azatmedia