Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың кезекті отырысы өтті.Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ҚХА хатшылығы-этносаралық қатынастар дамыту бөлімінің басшысы Тимур Оралбеков модераторлық етті.
Басқосу барысында сөз алған ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов өңірдегі этносаралық жағдайды зерттеуге, оны реттеудің тиімді тетіктерін іздеуге бағытталған жоспарлы жұмыстарға тоқталып, топтың негізгі міндеттері жайында пікір білдірді. Сондай-ақ жиында «Қоғамдық келісім» КММ Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хамит Исақов этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін атап өтті.
– Елімізде мемлекетқұраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Қазіргі таңда осы бағытта жүйелі зерттеу жұмыстары жалғасып келеді, – деді Хамит Рахматуллаұлы.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-жобаларын ортаға салды. Бұл ретте Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері маңызды жобалар мен кездесулердің әлеуетін өңірдегі этносаралық тұрақтылықты нығайтуда қолдану жолдарын талқылап, алдағы уақытта атқарылуы қажет іс-шаралар жоспарын пысықтады.
Жиынды қорытындылаған Тимур Оралбеков Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айтылған тапсырмаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Еске сала кетсек, бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілі береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Өңірде тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.