Жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТА ФРАКЦИЯ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

«AMANAT» партиясынан Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумында партиямыз жаңа жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтып, шынайы саяси бәсекелестік орныққанын жеткізген болатын. Осы орайда, фракциялардың ролі мен қызметін жаңаша қарастыруымыз керек деген еді.

«Парламенттегі саяси көзқарастардың өзгешелігі біздің ішкі бірлігімізге, мемлекет, қоғам алдындағы жауапкершілігімізге сызат түсірген жоқ. Бұған біз фракциямыздың тұрақтандырушы ролі мен бірлігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Саяси бәсекеде «жалғыздың үні шықпайтынын» біз жақсы түсінеміз. Сондықтан, Парламенттегі басымдығымызды артықшылыққа айналдыра білдік. Мәслихаттардағы фракциялар да осы тәжірибеге сүйенсе болады», – деді Ерлан Жақанұлы.

Саяси күресте фракцияның ұстанымы әрқашан бір болуы тиіс деген шарт партиялық жауапкершілік пен тәртіпті күшейтіп, демократиялық мемлекеттерге тән партиялардың базалық принципі болып табылады. Осы міндет аясында, «АMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалында Түлкібас аудандық мәслихатындағы партиялық фракцияның жұмыс жиыны болды. Аманаттық өкілдердің кезекті басқосуы Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты, партиялық фракцияның жетекшісі Рамжан Қарақұловтың жетекшілігімен өтті.

Биылғы жылдың 25 маусымында Түлкібас аудандық мәслихатының сессиясы өткен болатын. Сессия жұмысынан кейін, аудандық мәслихаттың депутаттары Бахытжан Рашов, Бағдат Айбосынов, Данияр Байысбаев, Ерлик Кулжанбаев, Амирхан Қалдыбеков, Сергали Сарсенбаев сынды барлығы 6 депутат ерікті түрде «АMANAT» партиясының қатарына өту туралы шешім қабылдап, өтініш білдірді. Партияның аудандық филиалы қатарымызды толықтырған жаңа мүшелерді тиісті тәртіппен тіркеуге алып, партия мүшесі куәлігін рәсімдеді. Аудандық мәслихаттағы партиялық фракцияның отырысында депутат мандаты бар жаңа партия мүшелерін фракция құрамына қабылдау мәселесі қаралды. Барлығы жеті мүшеден тұратын фракция өкілдері күн тәртібіне қойылған мәселені қолдайтындықтарын бірауыздан білдірді. Аудандық мәслихаттағы партиялық фракцияның үлесі осылайша артып, аманаттық өкілдердің фракциясының жаңа құрамы 13 депутатқа жетті.

Фракция депутаттарының қатары толып жатқанынан ризашылығын білдірген Рамжан Қарақұлов, фракцияның жұмысы шеңберінде депутаттардың өзара іс-қимылын үйлестіру, ортақ міндеттерді іске асыруда сайлаушылар алдында берген уәделерді орындауда күш біріктіру маңызды екенін айтып, фракцияның жаңа мүшелерінің қызметіне сәттіліктер тіледі.

«АMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жүнісов те партия қатарын жаңадан толықтырған, депутаттық фракцияның мүшелігіне өткен депутаттарды құттықтап, ризашылығын жеткізді. Бір мақсат аясына біріккен депутаттарға халық игілігі үшін абыроймен жұмыс атқаруға, партияның беделін биіктете беруге шақырды.

Қатысты жаңалықтар

ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ «PFIZER» ВАКЦИНАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

azatmedia

АССАМБЛЕЯ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ – ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА

azatmedia

Түркістан облысының өнерпаздары 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысады

azatmedia