Жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БАЗЫНАСЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА ТЫҢДАДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен кезекті қоғамдық қабылдау Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаиловтың қатысуымен өтті. Партиялық алаңда өткен қабылдау, партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ресми парақшасынан тікелей эфир арқылы берілді. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша тыңдау өткізіп жатқан жергілікті атқарушы органның өкілін, партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Қалыйма Жантөреева таныстырды, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Облыс аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын және еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті органға, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар да ауқымды болды. Басқарма басшысының қабылдауына келген Түркістан қаласының тұрғыны Гүзал Неметова, «Арман» жекеменшік мектебінен жұмыстан заңсыз босатылуына байланысты шағымын білдіріп, өзінің еңбек құқығын қорғауда көмек беруін сұрады. Бұл мәселе бойынша еңбек дауының мәнін анықтау барысында Гүзал Неметова жұмыстан босату жөнінде өз еркімен арыз жазғаны белгілі болды. Азаматшаға еңбек қатынастары заңнамасы бойынша құқықтары түсіндірілді, құқығын қорғауда сот органдарына жүгінуге болатыны жөнінде кеңес берілді.

Басқарма басшысына онлайн платформа арқылы сауал қойған Қазығұрт ауданы, Ақбастау ауылының тұрғындары ауылдағы жалпы орта мектептің қазіргі ахуалын баяндап, жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Ауылдағы ішкі көшелерге асфальт төсеу керектігін жеткізді. Тұрғындардың сұраныстарын мұқият тыңдаған Айдос Бақытжанұлы, облыс елді мекендеріндегі тозығы жеткен мектептердің орнына жаңа мектептер салу мәселесі, кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын мәлімдеді. Қолданыстағы тәртіп бойынша, алдымен жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ол мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс екенін жеткізді. Тиісті құжаттамалары әзірленген жоба, қаржы бөлу үшін бюджетті нақтылауға ұсынылатынын айтты. Барлық кезеңдерден өткеннен кейін, нысан құрылысы қолға алынатынын түсіндірді. Елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу мәселесі аудан әкімдігінің үйлестіруімен жүзеге асатынын айтып, бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ішкі көшелерді жөндеу қарқын алғанын мәлімдеді. Бұл мәселе де кезеңімен шешім табатынына сенім білдірді.

Ордабасы ауданынан хабарласқан азамат Рамазан Әбдіманаптың көтерген мәселесі де еңбек қатынастары саласына қатысты болды. Азаматтар арасында ауызша негіздегі уағдаластық бойынша атқарылған жұмыстардың еңбекақысын өндіру мәселесін тек қана сот тәртібімен шешуге болатыны түсіндірілді. Басқарма өз құзыреті шегінде жазбаша негізде түзілген еңбек келісімшарты талаптарының сақталуын, еңбеккердің заңды құқығын қорғауды жүзеге асыра алатыны айтылды.

Онлайн платформа арқылы хабарласқан Құсшы ата ауылының тұрғыны Мұхтар Жұманов, өзі тұратын елді мекеннің бір бөлігі Кентау қаласына, екінші бөлігі Сауран ауданына қарасты екенін мәлімдеп, көшелерге қойылып жатқан жарықшамдарды орнатуда техникалық талаптардың сақталуын бақылауға алуды сұрады. Тұрғын көтерген сауалға жауап берген басқарма басшысы, кез келген құрылыс жұмыстары бекітілген жоба-жоспарларға сүйенетінін алға тартты. Жобада қаралмаған көшеге немесе орынға жарықшам орнатылмайтынын айтып, егер мұндай жағдайлар бойынша нақты деректер болса, осы фактілерді көрсете отырып, басқармаға арыз беруге болатынын түсіндірді. Уәкілетті орган арызда көрсетілген деректер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетінін, оның нәтижесі жөнінде тұрғынға тиісті ақпар берілетінін айтты.

Басқарма басшысымен өткен қоғамдық қабылдаудың қорытындысын шығарған Қалыйма Жантөреқызы, партиялық алаңға келіп, тұрғындардың базынасын тыңдауға ден қойған Айдос Бақытжанұлына аманаттық өкілдер атынан алғысын айтты. Партияның өңірлік филиалы мен облыстық бақылау жөніндегі басқармасы арасындағы терең ықпалдастық байланыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасын табатынына сенім білдірді. 

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХХV СЕССИЯСЫ ӨТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

azatmedia

САЙРАМ: СЕССИЯДАҒЫ ТАПСЫРМАЛАРДЫ НАСИХАТТАУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

azatmedia