Медицина қызметкерлері күніне орай Түркістан қаласындағы “Farab” кітапханасында салтанатты шара болып өтті. Салтанатты жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина саласының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған мамандарды «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және алғыс хаттарымен марапаттады.
–Өңірде денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым бар. Барлық медициналық мекемеге – 2 млн 100 мыңға жуық адам тіркелген. 2024 жылы 8 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүрігізу қолға алынып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жоба аясында облысымызда биыл 49 медициналық нысаның құрылысы басталды. Сонымен қатар балалар арасында мүгедектіктің алдын алу мақсатында Қапланбек ауылында 600 орындық оңалту орталығы ашылды. Облыс бойынша өзекті мәселердің бірі, кадр тапшылығы және біліктілігі. Аталған мәселе бойынша 2023 жылы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен 60 грант резидентураға берілсе, ал биыл 139 грант бөлініп отыр, – деді Бейсенбай Тәжібаев.Облыс бойынша үздік медицина қызметкерлері атанған конкурс жеңімпаздарына да құрмет көрсетіліп, медицина саласының ардагерлеріне сый-сияпат жасалды.
Салтанатты шарада «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева сөз алып, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Дәрігерлердің антқа адалдығын айтып, адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейтін қасиетке ие медицина мамандарына алғысын білдірді. «Ақ халатты абзал жандарға қашанда құрметіміз бөлек. Алғы шепте жүрген денсаулық саласының қызметкерлеріне ризашылығымыз мол»,–деді Қалыйма Жантөреқызы. Одан соң, адам жанының арашашысы болып жүрген бірқатар медицина қызметкеріне «AMANAT» партиясының арнайы Алғыс хаттарын табыстады.