Жаңалықтар

БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША БАЗЫНАСЫН БІЛДІРГЕНДЕР КӨП

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәлетұлы Тәжібаевтің кезекті жеке қабылдауы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев қатысты. Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына келген азаматтар білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік ақпараттық саясат, мәдениет және туризм салаларына қатысты сұраныстарын білдірді.

Ордабасы ауданы Төрткүл ауылынан келген қария Сейдилдә Тұрлыбеков Төрткүл ауылынан ауданаралық емхана ашу мәселесін көтерді. Ақсақалдың айтуынша, ауданға жақын орналасқан, яғни 8-10 шақырым жер болатын Бәйдібек ауданының 3 ауылы мен Ордабасы ауданының 3 ауылын қосқанда жалпы 35 мың халыққа жақындайды екен. Ал, аудан орталығы аталған ауыл округтерінен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Аталған ауыл тұрғындарының орталықтағы ауруханаға жетуі қиын. Сондықтан ауданаралық емханаға салу қолға алынса, деген өтініші бар. Ауылға аурухана салу үшін халық саны 30 мыңға жетуі тиістігін айтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалдыға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы мәселенің түйінін тарқату үшін зерделеу жұмыстарын жасауды тапсырды.

Қабылдауға жазылған «77TV» телеарнасының басшысы Қарлығаш Аралбекова медиакеңістікте 10 жылдан аса тәжірибесі бар телеарнаның Түркістан облысында ашылып жатқанын, аз күнде бірқатар бағдарламалар, поткасттар түсіргенін айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімінің осы сала бойынша орынбасары телеарнаның облысқа келген қадамына сәттілік тілеп, түркі елдерінің туризм астанасы атанған Түркістанда рухани, мәдени бағдарламаларды және халқының басым бөлігі ауылда тұратын облыста ауыл шаруашылығы саласын көбірек көрсету бойынша ұсынысын білдірді.

Бейсенбай Дәулетұлының қабылдауына жазылғандардың дені облыстағы білім саласына қатысты өтініштерін жеткізе келіпті. Солардың бірі – Сауран ауданынан келген Утепберген Атажанов Абай атындағы жалпы орта мектебі директорының іс-әрекетіне шағымданады. Сондай-ақ, Сауран ауданы Иассауи мектебінің мұғалімі Ш. Шажалиев аталған оқу орнындағы директорды жұмыстан босату жөніндегі соттың шешімі шыққанымен әлі күнге дейін оның орындалмай отырғанына наразылық білдіреді. Мәселемен танысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев соттың шешімі орындалуы керектігін, бұл жәйтті бақылауға алатынын жеткізді. Ал, Төлеби ауданы Зағамбар ауылынан арнайы келген бір топ қария Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектептің ескі екендігін, жөндеу қажеттілігін айтып, өтініш білдірді. Сиымдылығы 620 орындық білім ұясында жыл сайын бала саны көбейіп, бүгінде 1424 оқушыға жеткен. Пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары үшін жасалған техникалық зерделеу құжаты сараптамадан оң қортынды алып, сметаға сай 837 млн. 444 мың қажет. Бейсенбай Дәулетұлы аталған жұмыстар үшін биыл конкурс жарияланатынын, бірақ құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі болатынын түсіндірді.

Партиялық алаңға келіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қабылдауға жазылғандарды түгелдей мұқият тыңдап, оларға жауапты сала басшыларының нақты жауабын жеткізіп, өзі тікелей бақылауда ұстайтынын айтып өтті.  

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМДАР ЖАСАЛДЫ

azatmedia

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ОНЛАЙН-ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

azatmedia

ҚҰРБАН АЙТ – ҚАСИЕТТІ МЕРЕКЕ!

azatmedia