Жаңалықтар

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ АХУАЛЫ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА

Халық саулығын сақтаудың тиімді жүйесін орнықтыруға жәрдемдесу, медицина ұйымдарындағы кезек күттірмейтін мәселелерді рет-ретімен оңтайлы шешуге ықпал ету – партиялық қызметтің басымдыққа ие бағыты болып табылады.

Партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында, ондағы міндеттерді іске асырудың Жол картасында тұрғындардың сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік жасау, заманауи емханалар мен ауруханалардың құрылысын жүргізуді, ауылдық жерлерде амбулаториялық бекеттер мен фельдшерлік бөлімшелер салуды үйлестіру, оларды тиісті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ықпал ету санатындағы маңызды міндеттер партиямыздың өңірлік филиалының тұрақты назарына алынған.

Бұл бағытта партиялық құрылымдар Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция депутаттарымен, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, жергілікті әкімдіктермен ықпалдастық байланыста жұмыстар жүргізіп келеді.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Алмаханұлы Әбішовтың өкімімен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясынан құрылған уақытша депутаттық топ медицина мекемелерін зерделеу жұмысын Сауран ауданы мен Кентау қаласында жалғастырды.

Кентау қалалық емханасының жай-күйімен танысқан депутаттық топтың қатарында “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева мен партияның Кентау қалалық және Сауран аудандық филиалдарының төрағалары Арман Басаров, Сағынбек Асылбеков те бар. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары уақытша құрылған комиссия өкілдері, мәслихаттағы аманаттық фракция мүшелері Алмас Салимов, Мырзахан Манапов, Бегімбет Байғараев, Талғат Садуов, Баймахан Сүлейменов медициналық ұйымдардың қызметін зерделеді.

Айта кетейік, Кентау қалалық емхана құрамына Қарнақ БМСҚО, Хантағы және Ащысай дәрігерлік амбулаториялары кіреді. Аурухана 2023 жылы аккредитациядан өтіп, бірінші санат дәрежесін иемденген. Орталық қалалық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Депутаттық корпус өкілдері ауруханадағы ем алып жатқан науқастармен дидарласып, мемлекет тарапынан кепілдендірілген көлемде дәрі-дәрмекпен қамтылуы, медициналық қызметтің көрсетілуі жайын көрді.

Уақытша комиссия мүшелері одан соң Сауран ауданында болып, аудандық емхананың қазіргі ахуалына талдау жүргізді. Жаңадан құрылған ауданда әзірге жалғыз аудандық аурухана бар. Алдағы уақытта ауданда ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана салу жоспарда тұр. Сонымен қатар, “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” пилоттық ұлттық жобасы аясында 2 ФАП және 1 медициналық бекет салу жоспарға енгізілген.

Мандат иелері аурухана ұжымымен жүздесіп, қызмет сапасын арттыру, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Депутаттық корпус өкілдері денсаулық сақтау жүйесіндегі зерделеу жұмыстарын одан әрі жалғастырады. 

Қатысты жаңалықтар

НАУҚАСТАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

azatmedia

Халық қалаулылары қоғамдық қабылдаулар алаңында бірқатар азаматтарды қабылдады

azatmedia

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛЕДІ

azatmedia