Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Орайлбайұлы Көшеровтың азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қоғамдық қабылдауы бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өтті. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға облыстың бірқатар басқарма басшылары, облыс әкімдігіне қарасты ұйымдардың жетекшілері және жергілікті әкімдіктердің жауапты өкілдері қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Партиялық алаңға келіп, өздерінің сұраныстарын білдірген азаматтардың өтініштерін партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев тыңдап, партиялық бақылауға алынуы тиіс мәселелерді зерделеді.
Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына келген Түркістан қаласының тұрғыны Илмира Тажибекова кәсіпкерлік мақсатта 4 адам болып бірігіп алған топтық несиені өтеуде қиындыққа тап болғанын айтып, көмек беруін өтінді. Несиені серіктес боп алған азаматтар алған қарыздарын жаппай, ізін суытқанын мәлімдеді. Микроқаржы ұйымы алдында жалғыз өзі қарыздар боп қалғанын, салдарынан жеке банктік шоттары бұғаттауға түскенін айтып, шағымданды. Нұралхан Оралбайұлы шағымын айтып келген азаматшаға жазбаша өтініш қалдыруды сұрады, мәселені жіті зерделеуді заңгерлерге тапсыратынын мәлімдеді.
Қабылдауға жазылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Аппақ» ЖШС-тің өкілдері келіп, Созақ ауданында уран өндірісіне қажетті қосымша жер учаскесін бөлуге ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру басты мәселе болып табылатынын жеткізді. Жер қойнауын игеруге рұқсат алған компаниялар жергілікті аумақта кешенді әлеуметтік жобалардың іске асуына ұйытқы болуы тиіс екендігіне көңіл бөлді. Қазба байлықтарын өндіруге жұмылдырылған компаниялардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және аймақтарды инфрақұрылымдық дамытуға арналған төлемдерінің мөлшерін жалпы инвестицияның көлеміне сай ұлғайту мәселесі өзекті болып табылатын ескертті. Бұл мәселені облыс әкімдігі мемлекет және қоғам мүддесі, аймақтардың ахуалын жақсарту тұрғысынан қарастыруға дайын екенін білдіріп, компаниямен түзілген міндеттемелер мен контрактілерді бірлесе қарастыруға шақырды.
Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына жазылған Түркістан қаласының қоғам белсендісі Ерлан Алтынбеков сапалы құрылыс материалдарын өндіруге мүмкіндік беретін жобасы бар екенін айтып, қолдау көрсетуге жәрдем сұрап келді. Оның айтуынша, облысымызда М-1000 маркалы бетон шығаруға және ғимараттардың қасбетін табиғи таспен өрнектеуге мүмкіндік беретін әктас кен орындары бар көрінеді. Сол кен орындарын пайдаланып, кәдеге жарату мүмкіндіктерін ашуға қолдау көрсетуді сұрады. Нұралхан Орайлбайұлы тұрғын көтерген мәселені мұқият тыңдап, тиісті басқарма басшысына Ерлан Алтынбековты табиғи тас өндіруші компаниялармен байланысуына жәрдем көрсетуді тапсырды. Егер жобаның тиімділігі кен орындарының жеткілікті қорымен дәлелденіп жатса, ықпалдастықты одан әрі арттыру мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты.«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы қабылдау барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштердің орындалуын қоғамдық бақылауда ұстайтын болады.