Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Отырар ауданындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесуі өтті.Жиынға Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы Әшім Елеусізов, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің аудандағы белсенді мүшелері, кәсіби медиаторлар, қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын атап етті.Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған, этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі кез келген арандатушылықтың жолын кесу бойынша Отырар ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Мұстафаев, Әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын ала жою бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің өкілі Бекжан Исабай, Медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова баяндама жасады.Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Елімізде дау-жанжалды шешудің жаңа әдісі медиацияның енгізілгені белгілі. Бірнеше бағыттағы арыз-шағымдарды қарастыратын медиация әдісі бүгінде халық арасында кең көлемде насихатталып, ауқымы күн санап кеңейіп келеді. Қос тараптың шағымын бейтарап тарапта қарастырып, сотқа дейін шешуді мақсат тұтатын медиаторлардың да біліктілігі бүгінде басты назарда.
Егемендік пен елдік мұраттарынан нәр алған, өркениет пен нұрлы болашаққа сара жол салған арайлы Ата Заңымыздың әлқиссасында паш етілгеніндей «…ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып», «…еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген азаматтық қоғам» құру жолында барша заңдылық жосықтарын халық игілігіне жаратудың жолын тапты. Қоғамымыз дамыған сайын неғұрлым ізгіленген заңдар халықаралық қауымдастық қуаттаған құқықтық жөн-жоралғылармен де, ұлтымыздың ежелгі елдік дәстүрлерімен қисынды жарасым тапты.
Атам қазақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген. Осыдан асқан кемеңгерлік бар ма?! Біле білгенге кешірім, түсіністік пен келісім, парасат – заңнан да ізгі. Ал «Заң тыйым сала алмаған нәрсеге, кейде ұят тыйым салады» деген екен Рим философы Л.Сенека. Тана Малайсары би жас Сырым биге: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңнан ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген екен. Байқап көргенге Ұлы Дала даналығы құқықтың қайнары болып саналатын рим философиясымен де толық үндеседі. Ал ғалым-заңгер, академик Салық Зиманов: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне – алтын бетіне және болашақта жалпы өркениеттің мұрасына айналар деген үмітім бар… Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқықтық жүйелерінің ішінен лайықты орын алатындығына сеніммен қараймын» – деген екен.
Әрине, билер дауды шешкенде әуелі елдің заңдарын, қала берді құдіреті ел ішінде заңға теңесетін әдет-ғұрып, салт дәстүрлерді, әділдік қисындарын басшылыққа алған. Әділ шешімді қиыннан қиыстырып, жалпақ жұртты кемеңгерлігіне жүгіндірген. Би құзыретіне берілетін істің қаралуы екі сатыға бөлінген. Әуелі екі жақ істі билер қарағанға дейін, яғни өзара келісім жасап дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» – екі жақтың өзара келісімге келіп, сөз жүзінде даудың аяқталуы. Бітімнен кейін істі билердің қарауына берудің қажеті жоқ. Себебі, бітімді, өзара келісімді бұзу – сөзде, сертте тұрмаудың белгісі, ар-ожданды таразылайтын әрекет. Би алдындағы бітімге ешкім қиянат жасай алмаған. «Береке» – айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасау. Қазақтың әдеттік құқығында «Береке» институты барлық келісім, шарттардың негізі болған. Салауат – немесе кешірім, дауласқан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі. Кешірім жасау ауыл, ел, ру ақсақалдарының қатынасуымен өтетін болған. Өркениет дүниесінде бітімгершілік рәсімі медиация ұғымымен мәлім.
Бүгінде азаматтар Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді. Татуласудың тағы бір артықшылығы мұнда сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал орындалмаған жағдайда да, талапкердің өтініш хаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Заңда және Азаматтық процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы болса немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым, не наразылық келтіруге жатпайды. Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі айтулы жаңалықтардың бірі – дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да – заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі.