Қай уақытта да жалынды жастар жаңашылдық жаршысы екені анық. Қоғамның қозғаушы күші болған кейінгі толқын ірі-ірі істерді атқаратынына аға буынның сенетіні сөзсіз. Бүгінгідей технологияның үздіксіз даму шағында заман ағымына ілесіп отыру – оларға міндет. Десе де, осындай күрделі кезеңде енжарлық танытып, жалқаулықты жанына серік еткендердің, отаншыл қасиетті емес, ұраншыл болуды үрдіске айналдырғандардың қатары көбейіп барады.
Бүгінде жастар арасында жоғарыда айтқан заман ағымына ілесіп жүргендері де бар, ілесе алмай іркіліп қалғандары да бар. Ілесіп жүргендер ілкімді істермен із қуып, ілгері қарай талпынуда. Ал ілесе алмай, ісіне ілгек таба алмай жүргендер қолдарын мезгілінде сермеуге құлықсыз болып жүр. Бұл жерде олардың бойындағы енжарлық, немқұрайлылық қасиеттер елжанды болуға үлкен кедергі келтіріп жүргені белгілі. «Жастықтың бойынан парықсыз паңды емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы» дейді қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсірепов. Иә, сол айтқандай, құлықсыз ісінің ілігі көп болса, оның елге пайдасы қандай? Емірене еңбек етпеген соң, мұрнын шүйіріп, шірене түкіргеннің қараша халыққа қадірі де болмасы анық. Сондықтан жігерлі деген жастар бойында жалыны барда жұмыс жасағаны абзал, ерінбей еңбек еткені дұрыс.
Жуырда бір көкемізбен жолымыз бір болып, әңгімесін тыңдадым. Тарихты бір қозғап, елдегі жағдайларды сөз еткен соң бүгінгінің жастарына деген көзқарасын сұрадым. Ол кісі бірден «Өз қатарың туралы білгің келсе, айтайын. Бірақ, артық айтсам айып етпессің, сұраған өзің. Қазір кейбір жастар сөздің парқын түсінбей жатып, беттен алатын болды ғой. Сол үшін ескертіп жатқаным» деді де көкем сөзін жалғады. «Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда, жас буынның көбісі қазір жалқау. «Алма піс, аузыма түс» деп жататындардың қатары көбейген. Көргенімді айтып отырмын. Кезінде біз қатарлылардың бос жүргенін көрмейтінбіз. «Екі қолға бір күрек табылады» деп жұмыс жасауға талпынатын. Соның арқасында олар еңбекпен есейді. Ал бүгінде күрек ұстамақ түгілі бауын күрмеп байлай алмайтындарды да, ата-анаға масыл болып отырғандарды да көріп жүрміз. Біздің кезімізде үлкенге құрмет те ерекше болатын. Алдын кесіп өтпеу, аға-апалар ауыр затпен келе жатса қолғабыс ету, қиындықта қамқорлық жасау секілді жақсы істерде әркез жас буын өкілдері үлкендердің жанынан табылатын. Оны бүгінгі толқыннан көре алмаудамыз. Алдымызды кесіп өтпек түгілі иығыңнан қағып кетеді, сүрінсең, құлағаныңа қарайды да, «сен тимесең, мен тиме» деп қасыңнан өте шығады, – деген жолаушы кісі өз көзқарасын білдірді.
Тағы бірде бір таныс ағамызбен кездесіп қалдық. Ол кісі де жастардың енжарлығын, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаратынын тілге тиек етті.
«Жұмыссыз, сенделіп жүрген жастар жетерлік. Оқымаған дейін десең қолдарында дипломдары бар. Болашақтарын бағамдап, қажетті мамандықты таңдамаған. Соның салдарынан дипломы бар, жұмысы жоқ. Жұмыс болмаған соң әрине олар тәртіп бұзады. Әуейі істерге әуес болады. Мұндай жастарда елжандылық қасиет болады деп айтуға ауыз бармайды. Олар отаншыл да болмас. Соның кесірі емес пе, бүгінде олар Отан алдындағы парызын өтеуден жалтарып жүр. Бұрынғыдай шет мемлекеттерге емес, өз елімізде және де екі жыл емес, бір жылдық абыройлы борышын өтеуден қашады. Ел қорғаны деп соларға сенім артуымыз керек қой» деп қынжылды әлгі ағамыз.
Расында, енжарлыққа еті үйренсе, «жатып ішерлерге» екі қойың бір сом. Жұртқа көмек қолын созу, қамқорлық жасау секілді игі істерге олардың жалқаулықтары жібермейді. Олар отаншыл емес, ұраншыл болуға бейім.
Негізінде, жастардың бәрі экономист, заңгер болуы шарт емес. Оның есесіне, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы, техникалық мамандарға сұраныс бар. Сондықтан жастар мамандық таңдағанда осыларға көп көңіл аударса, келешекте жұмыссыздыққа тап болмасы анық. Ал жұмысбасты болған жастың елдік мүддеге қосар үлесі мол.
Е.ЖАППАРБЕК