Түркістан облысында жауын-шашынның түсуі нормадан аспаған әрі таудағы қар қоры аз. Ал облыстағы суқоймалардың толу көрсеткіші – 81 пайыз. Өңірдегі өзен-көлдердің су деңгейі қалыпты жағдайда. Қазіргі таңда тасқын суды қабылдауға бос қор бар және өзен бойындағы елді мекендерге төніп тұрған еш қауіп жоқ. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Жүсіп Ілясов брифингте мәлімдеді.
«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» Жол картасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 ауданның 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының алдын алу үшін барлық аудан-қалаларда қажетті жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, 2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 125 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалды. Сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарынан 1064 жеке құрам мен 269 бірлік техника әзірленген»- деді Жүсіп Темірұлы. Брифингте аталған департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов облыстың дала алқаптарындағы өртке қарсы дайындық жұмыстарын сөз етті.
«Дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпті кезеңде көлік құралдарының мемлекеттік орман қоры аумағына кіруін шектеу бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін мобильді топтар құрылды. Бүгінгі күні мобильді топтармен 16 рейд жүргізіліп, нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды»- деді басқарма басшысы.