Қоғам

Масылдар заңсыздықтан да тайынбайды

Еңбек етіп, біреуді екеу етуге епсіздер ауадан ақша жасауға келгенде заңсыздыққа да барудан тайынбайтынын деректер дәлелдеп отыр. Әсіресе мемлекеттің көмегіне заңсыз жүгінетін масылдар ел билігін алаңдатуда.  Мәселен жыл басынан бері Түркістан облысында жүздеген отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған. Нақтырақ айтсақ 331 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін нақты табыстары мен жылжымайтын мүліктерін жасырған көрінеді.

Мемлекеттің жәрдемақысын алу жолында нақты материалдық жағдайын жасырып, жалған құжат тапсырып, атаулы әлеуметтік көмекті сұрағандар ісіне баға беру қиынның қиыны болып отыр. Өйткені масылдық пен мұқтаждықтың ара жігін ажырату жергілікті басқарушы билік орындарына да оңай тимей отырған көрінеді. Өкінішке қарай Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мұндай отбасылардың азаймай отырғанына алаңдаулы. Қазіргі таңда мамандар заңсыз жолмен жәрдемақы алғандарға барлық ақшаны мемлекетке қайтаруды міндеттеп отыр. Ал ол қаражатты өз еркімен қайтарудан бас тартқандар сот алдында жауап береді. Атап өтер жайт, бүгінгі күнге дейін АӘК заңсыз алғандарға 38,5 миллион теңге төленсе, бүгінгі күнге дейін оның 27 миллионы ғана бюджетке кері қайтарылған. Қалғандары енді қайтармақ. Шын жағдайын жасырып, мұқтаждың кейпіне енгендер тиесілі емес ақшасын мемлекетке кері қайтаруда.

Осы орайда мамандар «халықтың масылдыққа ұмтылуы ел ішіндегі заңсыздықтарды, жемқорлықты да өршітіп отыр. АӘК тағайындау кезінде әр аудан әкімдігі жанындағы арнайы құрылған комиссия көмек алуға өтініш берген жанұялардың материалдық жағдайын, тұрмысын арнайы барып  анықтайды. Сол комиссия мүшелерінің берген қорытындысы бойынша отбасылардың атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждық дәрежесі бағаланады. Сол бағалануына қарай АӘК тағайындалады. Осы жерде сыбайлас жемқорлық қатері туындауы мүмкін. Тиесілі болмаса да жәрдемақы тағайындалуы да ықтимал. Өз бетінше әрекет етпей мемлекеттің тағайындаған жәрдемақысына ортақтасатын масылдарды анықтап, мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр», — дейді.

Дегенмен мемлекеттің масылдықтың алдын алу бағытында үздіксіз жүргізген жұмыстарының арқасында саладағы заңсыздықтар азайып келеді. Мәселен 2019 жылы нақты табы­сын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заң­сыз тағайын­далғаны анықталса, қазір бұл көрсеткіш біршама азайған. Алғашқы жылдары зәулім үйі, мол табысы бар жеке кәсіпорны, тіпті 900 ге жуық мал басы тіркелген шаруашылығы бар тұлғалардың да атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергені анықталған. Кейбір жанұялардың еңбекпен қамту мекемелері ұсынған жұмыстан да бас тартып, жәрдемақыға иек артуы байқалған. Осының барлығына алаңдаған мемлекетіміз қазіргі таңда оларды мүмкіндігінше іріктеп, шын мұқтаждардың ғана жәрдемақы алуына қатысты талаптарды күшейтуде. Әрине мемлекетіміз әлеуметтік осал топтарды қараусыз қалдырып жатқан жоқ. Дегенмен мемлекеттің азын-аулақ қаражатынан күн көруге төселіп, әбден еті үйреніп, өздігінен әрекет етуге, алға ұмтылуға құлқы жоқтардың қатарының артуы алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне бала туғанын бұлдап, дүниедегі ең керемет нәрсе сәби сүюдің қадірін кетіргендер де соңғы кездері қоғамымызда көп балалы аналарға қатысты көзқарасты өзгертіп отыр. Осы орайда адами құндылықтарға негізделген қамқорлығымызбен арамтамақ, жатыпішер масылдықты, ашкөздік пен тоғышарлықты қалай өршітіп алдық деген сауал туындайды. Сондықтан мемлекеттік қамқорлық шын мұқтаждарға ғана тиесілі екенін түсіндіру бағытында заңдар қабылданып, мемлекеттік бағдарламалардың да шарттары өзгеруде. Мемлекеттің масылдықпен күресі өз нәтижесін беріп жатыр.

Дегенмен алдағы уақытта мемлекет тарапынан масылдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды әлі де болса күшейте түсу қажеттігі сезіледі.

Қ.Ерсұңқар

Қатысты жаңалықтар

Қоғамдағы Ынтымақтың Маңызы Қандай?

azatmedia

ТҮРКІСТАН: Жаңабазар ауылдық округі толықтай көгілдір отынымен қамтылады

azatmedia

Шардарада 80 отбасы баспаналы болады

azatmedia