Қоғам

Халық қалаулысы: қандай мәселелерге басымдық берілді?

VIII шақырылымнан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бір жыл ішінде белсенділіктерімен көзге түсіп келеді. Солардың бірі – Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласы аумағынан сайланған депутат Ұласбек Сәдібеков. Халық қалаулысымен болған бүгінгі басқосуымызда Парламент Мәжілісінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайында кеңінен сұхбаттастық.

– Бүгінде білім мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі апатты жағдайдағы ғимараттар жайы болып отыр. Сондықтан, «жаңа ауруханалар мен мектептер салынса» – деген ауылдағы ағайынның арман-тілегі бар.

– Сұрағыңызды түсіндім. Өңірдегі апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін білемін. Бұл бойынша тиісті министрліктерге де жағдайды жеткізіп келеміз. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Түркістан облысында 2024-2025 жылдары екі ауысымда оқитын 98000 оқушыға арналған 63 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған мектептерді салуға Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы Түркістан облысына 37 мектептің құрылысын аяқтауға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 22,6 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде білім беру саласындағы 2 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 726 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Сайрам ауданы Нұржанқорған ауылындағы Анартаев атындағы №62 негізгі орта мектепке 300 оқушыға арналған жапсаржай, мәжіліс залын, асхана мен шеберхана салуға – 412 млн теңге қарастырлып отыр.

Түлкібас ауданы Таусағыз ауылында орналасқан Г.Титов атындағы мектепке 150 оқушыға арналған қосымша оқу корпусын салуға 314 млн теңге қаралды.

Ал, аурухана мәселесіне келетін болсақ, өңірдегі ауруханалар мен емханалар басым көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Себебі, өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың көпшілігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Тозығы жетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Бұл бойынша да депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Нәтижесінде биылғы жылы Созақ аудандық орталық ауруханасы күрделі жөндеуден өтетін болды.Биыл Бәйдібек ауданына қарасты Жарықбас, Ағыбет ауылдарында 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, Тұрақты және Шығыт ауылдарында қосымша 2 медициналық пункт салынады.

Түлкібас ауданына қарасты Мичурин ауылындағы бөлімше ғимаратын ағымдағы жөндеуге ақаулы акт әзірленуде.

Жалпы Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 ауылдық елді мекенінде 9 ФАП және 1 ВА салынды. Сонымен қатар Ұлттық жобаға сәйкес 2023-2024 жылдары ауылдық елді мекендерде 49 Медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарлануда.

– Сайрам және Төлеби аудандарының халқын таза ауыз су мәселесі алаңдатып отыр. Халық «аталған мәселені оңтайлы шешіп берсе» – деген өтініш айтуда.

– Бұл мәселеден хабардармын. Парламент Мәжілісінде мәселе көтердім. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылын таза ауыз сумен қамту жайы Үкімет назарына ілікті. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруға қаражат бөлу мәселесі 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіпке сәйкес қаралатын болады.

Төлеби ауданындағы Балдыберек өзенінен бастау алатын «Бақырауық» бұлағының мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүреді. Аталған бұлақ арнай қорғалатын Ұлттық табиғи паркке қарасты жерде орналасқандықтан, жергілікті әкімдік балама жолын қарастырып жатыр.

– Созақ пен Бәйдібек аудандарында суармалы судың мәселе бар. Бұл мәселені шешу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Түркістан облысындағы Созақ ауылдық округінің шаруалары суармалы судың тапшылығынан егістік аумағын ұлғайта алмай отыр.Қазіргі таңда аумақта 6658 гектар суармалы жер болғанымен, су тапшылығына байланысты оның 2132 гектары, яғни 32 пайызы ғана игерілуде. Бұл мәселелерді шешу үшін ауыл тұрғындары және шаруалар Ақұйық, Суындық өзендерінен су қоймасын салып беруді сұрауда.

Бұл мәселе бүгінгі күні Бәйдібек ауданында да өзекті болып тұр. Аудан аграрлы өңір болғанымен, суармалы алқаптың аумағы өте аз. Бір сөзбен айтқанда, аудандық шаруалардың басым бөлігі жауын-шашын мен табиғи тау суына тікелей тәуелді.

Климаттық құрғақшылықтың салдарынан егіннің сапасы төмендеп, алынатын өнім көлемі өте азайып кеткен. Мысалы Бәйдібек ауданы бойынша 2022-2023 жылы өнімнің түсімі өте төмен болды. Тіпті, егінді орып алудың өзі шығынға батыратын болғандықтан шаруалар ормай тастап кетуге мәжбүр болған жағдайлар бар.

Қазіргі таңда бұл тығырықтан шығудың бір жолы- ол жаңбырлатып суару технологиясын қолға алып, кеңінен пайдалану. Бірақ бұл мәселе қарапайым шаруаның қолынана келе бермейді. Себебі суару қондырғысының бағасы өте қымбат.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл-шаруашылық жерлерін, оның ішінде сүдігер жерге ұңғыма /скважина/ қазуды қолға алу және осы қондырғылардың құнын субсидидиялауды 50-пайыздан 80-пайызға көтеру жөнінде айтқан болатын. Қазір аталған мәселен шешімін тапты. Бұл шаруалар үшін қуанатын жайт болып отыр. Ендігі жерде жаңбырлатып суару технологиясын жаппай ендіру жайын қолға алуымыз қажет.

– Түлкібас ауданындағы қарасты Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінде орналасқан теміржол өткелі көпірінің құрылысына қатысты мәселе көтерген болатынсыз. Нәтижесі қалай болды?

– Ия, Түлкібас ауылы тұрғындарының басты мәселесі – теміржол өткелі. Мұнда 50 мыңға жуық халық пойыз жолдың жоғары жағында тұрады. Олар төменгі бетке түсуі үшін бірнеше уақыт бойы жол бойында пойыздың өтуін күтуі керек. Арнайы өткел болмағандықтан шақыртуға шыққан жедел жәрдемде кешігіп жататын кездері бар. Жергілікті тұрғындар да жұмысқа жиі кешігіп қалады. Бұл мәселені халықпен кездесуімде жергілікті тұрғындар жеткізді. Жалпы темір жол өткелінің мәселесі Сайрам ауданында да бар. Бұл шешуді қажет ететін ең өзекті мәселенің бірі.

Ал, жаяу жүргіншілер өткелінің қауіпсіздігі сын көтермейді. Мұнда мүгедектігі бар адамдардың жүріп тұруына мүлдем жағдай жасалмаған. Сондай-ақ, қариялар мен апаларға қиын.Жаяу жүргіншілер өткеліне биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол дегеніміз әрлеу, бояу секілді дүниелер. Ал, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткелді жаңадан салу керек немесе күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл мақсатқа қаражаттың жетіспеуі қол байлау болып отыр.

Біз, депутаттар Үкімет мүшелері мен тиісті министрлік өкілдеріне өңірдегі осындай мәселелерді айтып жеткізгенімізбен, олардан «алдағы уақытта қаралады», «қараймыз» деген секілді жаттанды жауаптарды алып жатамыз. Ал, ел ішіндегі мұндай жағдайларды шешу үшін бір күн кешігуге болмайды. Себебі, артында адам тағдыры, сол ауыл тағдыры тұр.

– Жалпы, биыл Парламент Мәжілісінің депутаттары біршама заң жобаларын қарады. Осы тұста айта өтіңізші, ел ішінде көптен бері айтылып, талқыланып жүрген қандай мәселелерге басымдық берілді.

– Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары органы екендігін атап өткім келеді. Осы себепті депутаттардың жұмысы заң шығару қызметімен тікелей, әрі тығыз байланысты. Парламент Мәжілісінде халық ішінде көп талқыланған – Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, Трасферттік баға белгілеу, Ұлттық қордың 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферті, Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару, Жайылымды пайдалану секілді бірнеше заң жобалары қабылданды.

Қабылдағанған барлық заң жобаларында ел ішінде көптен бері айтылып жүрген мәселелерге басымдық берілді.

Мәселен, жайылымдар туралы заңда «қоғамдық жайылымдар» ұғымы енгізілді. Ауылдық округтердің тиісті шекараларында орналасқан жайылымдық жерлерді жерігілікті ауыл және ауылдық округтер әкімдерінің қарауына берілетін болды.Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Жалпы, жыл басынан бері Комиссия шешімдерінің негізінде мемлекетке 325 млрд. теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды. Оның ішінде ақшалай қаражат, 13 мың гектар жер, тарихи-мәдени мұра заттары, қымбат зергерлік бұйымдар бар.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.Мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдаған адамдар ретінде құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.

Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Сондықтан биыл вейпке тыйым салатын заң күшіне енді. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заңда темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған.

Жалпы ағымдағы сессияға 115 заң жобасы келіп түсті. Оның 66-не Президент қол қойды.

– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы дайындалып, Парламенттің қарауына жолданған болатын. Маңызды құжат қабылданса, облыс орталығы рухани һәм мәдени-тарихи қала ретінде дамудың даңғыл жолына түспек. Жаңа заң жобасы туралы пікіріңіз?

– Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы- тек өңір жұртшылығы немесе ел тұрғындарын ғана емес күллі түркі халықтарын қуанышқа кенелтіп отыр.

Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғыртуға жол ашады. Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Аталған заң жобасы қабылданса облыс орталығы рухани һәм мәдени-тарихи қала ретінде дамудың даңғыл жолына түспек.

Тағы бір айта кетер жайт, Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында қалаға Ерекше мәртебе беру туралы Заң жобасы – Үкімет тарапынан дайындалған тұңғыш қазақ тілді заң жобасы болып саналады. Сондықтан, ең басты ерекшелік осында.

– Әңгімеңізге рахмет!

Н.МАЙУСОВА.

Қатысты жаңалықтар

Қазақстанда шомылу маусымында 239 адам суға кетіп көз жұмды

azatmedia

АҚПАРАТ САЛАСЫНДА КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК

azatmedia

Саяси жүйе үнемі дамуда болуы тиіс

azatmedia