Қоғам

Масылдық -қоғамға жабысқан дерт

«Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл-күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Халықтың бір тобы несиені кешіру, жәрдемақыны көбейту, тегін баспанамен қамту сияқты базалық сұраныстарды талап етсе, басым бөлігі саяси-экономикалық шынайы трансформацияны күтіп отыр», – дейді Орталық стратегиялық зерттеулер институтының директоры А.Гусарова.
Мұндай көңіл-күй кез келген елде әсіресе дағдарысты кезеңдерде күшейе түседі. Мәселен, бұл туралы Халықаралық валюта қорының бұрынғы өкілі, экономист Д.Редикер былай деген: «Мемлекеттің экономикадағы рөлі анағұрлым арта түскен сайын ол өмірдің әр саласында нарықтық қатынастарға соғұрлым араласа түседі, бұл азаматтардың патерналистік көңіл-күйін арттыра түседі». Ал бұл өз кезегінде тоқырауға алып келеді. Өйткені мұндағы басты критерий – жұмыстың нәтижелілігі емес, билікке лоялдылық. Билікке қарсы шықпасаң болды, сенен еңбек өнімділігі талап етілмейді».

Қоғамға жабысқан дерт – біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру, жеңіл табыс табуға ұмтылу. Оған дәлел де көп. Мәселен, соңғы жылдары күн сайын тіркелетін алаяқтық қылмыс әрекеттері де – соның жемісі. Жаңа технологияның мүмкіндігін пайдаланып, үйден шықпай-ақ оңай «олжаға» кенеліп отырғандар жетерлік. Мамандардың айтуынша, елімізде әлеуметтік масылдықтың бір себебін әлеуметтік әділеттіліктен іздеушілердің қатары көп. Бұл – қате ұғым. Өйткені елімізде жолын тапсаң, табыс табудың мүмкіндігі мол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де кәсібін дөңгелетіп отырған мысал көп. Басты мәселе «Масыл болма, қатарыңнан қалма!» деген ұстаныммен, өзін алға сүйрер әркімнің жеке басының психологиясында жатыр.
«Масылдық психология неден пайда болады?» деген сауалға психолог А.Тәуекел оның сан түрлі себебі болатынын атап көрсетті.
– Бұл тұста бір айта кететін жайт, елімізде халықтың басым бөлігі үнемі мемлекеттің көмегіне жүгініп, жауапкершілікті Үкіметке артып отырады. Олар өздері тұрған жағдайға, өмір сүру тәсіліне жауапкершілікті сыртқы факторларға аударуға бейім. Олар кейбір нәрселер үшін мемлекетті, ата-ананы кінәлап, өздері үшін жауапкершілікті алмайды. Екіншіден, қазақстандықтарға оппортунизм тән. Пайдалану мүмкіндігі пайда болған кезде, соның ішінде әлеуметтік жүйелерді алайық, адамдар мұнда барынша пайдаланып қалуға тырысады және мұны ұят деп санамайды. Неге екені белгісіз, біздің қоғамда «Үкімет үй беруі керек, пәтер беруі керек, мемлекет бағуы керек» деп қалыптасқан ұғым әлі бар. Одан арылмасақ, қоғам мен мемлекетке масыл болғанымыз болған. Мұның бәрі – инфантилизм мен масылдықтың тамыры. Одан бөлек, мұндай адамдар «істейін десек, жұмыс жоқ» деген негізсіз сылтауларды жиі айтады. Немесе мұндай адамдарда мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланып, жұмыссыздың жәрдемақысын, я болмаса үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында елде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын адамдар барын айтып, масылдықты сөккен еді. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», – деді ол.
Еңбекке деген сұраныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда масылдық психологиясын туындатуы да мүмкін. Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам.
Әрине, әркімге дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Мемлекет кедейлікті, әділетсіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жүзеге асыруға, әділ сот төрелігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шынымен мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Мемлекет негізінен алғанда, халықтың аз қамтылған яки объективті себептермен мүмкіндіктер шеңбері шектеулі бөлігіне ғана әлеуметтік қолдау көрсетуі қажет. Онда да мұндай қолдау барынша тиімді болуы тиіс және қаржыны тек пассивті түрде беріп қоюға ғана бағытталмауы керек, керісінше, осындай азаматтардың өз ісін ашуы үшін білім алуы, жаңа машықтарға ие болуы, оның өзін-өзі жүзеге асыруға, дамытуға қаншалықты мүмкін екеніне қарай көмектесуі тиіс.
Әлем толассыз дамыған өркениет көшін қалыптастырды. Әр адамның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды жақсарту – отбасындағы әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бостан-босқа қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артуда. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында тасыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі қолынан іс келетін адамды жұмыс өзі іздеп табуда. Сондықтан да жағаға жармасқан жалқаулықтан арылып, табанды еңбек ету – заман талабы.
Жалпы көпшілік арасында масылдық психология қалыптасқаны қынжылтады. Әркімнің белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Дегенмен жасаған ісіне көреалмаушылық таныту – масылдық көзқарастың алғашқы сатысы. Адамның жомарттығын пайдаланып, өз бойындағы ауыртпалықты жеңілдету дұрыс емес. Сұраудың да өз әдебі, мақсаты бар. Ал масылдық жолды таңдағандарға бәрі міндет секілді. Олар өтірік дәрменсіз күйде болып, қымбат уақытты құр босқа өткізумен әлек. Ел аман, жұрт тынышта, он екі мүшесі сау бола тұрып, тиянақты іспен шұғылданбауға ешкім кінәлі емес. Бастысы – адамның бойындағы қауқарсыздық. Қашанда масылдық психологиядан арылу үшін үздіксіз алға қарай ұмтылу керек.
Бақшадағы жемістің бітік шығуы – еңбекқордың адал еңбегінің нәтижесі. Ал масыл адамның сәтсіздігі болашаққа деген сенімінің жоқтығынан. Өзгенің бергені азғантай азық болғанымен, оны өзіңнің маңдай тер еңбегіңмен тапқанға жетпейді. Сондықтан масылдық көзқарастан әрбір адам ада болуы қажет.
Қазіргі таңда бір ғана атаулы әлеуметтік көмек алу барысында отбасындағы тұрақтылық сақталмай, түрлі жағдай орын алып жатыр. Бірі ажырасып, бірі жанжалдасып, бірі табысын жасырып, бірі ата-анасынан бөлек кетуде. Кей азамат әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін тұрақты жұмыстан бас тартуда. Бұл – масылдықтан туындап отырған жағдай. Әйтпесе ерінбей еңбек еткен еш нәрсеге мұқтаж болмайды. Ата-бабамыз талай нәубетті күннен аман шығып, ұрпағын жеткізгенін ескерсек, бұл қазаққа тән қасиет емес.
Бізде тіпті туған-туысының қамқорлығына сеніп, мойнына мініп алатындар да жоқ емес. Қол ұшын созғанға әбден үйірсек болып, «сенде бар ғой, берсең болады ғой» деп тілемсектену де масылдыққа жатады. Екі қол, екі аяғың сау бола тұрып, біреуге кіріптар болсаң, оған адамның өзі ғана кінәлі. Десе де, масылдарға бәрі міндетті сияқты көрінеді: беруге, жағдайын жасауға, көмектесуге. Үкімет, әке-шешесі, ағайыны, тіпті тамыр-танысы. Бірақ олар өздеріне ешқашан «Мен оларға не бердім?», «Неге олар маған беруі керек?» деген сұрақтарды қоймайды. «Тепсе темір үзетін соқталдай азаматпын, өз қолым өз аузыма жеткен ересек адаммын, мен беруім керек қой, олар маған міндетті емес қой» дегенді ешқашан ойламайды. Бұл тақырып бойынша терең қаузап, талай дүниенің басын ашып айтуға болады. Ықылым заманнан қазақ халқы еңбеккеш, маңдай терімен ырзық-несібесін тауып келеді. Қарапайым еңбектің арқасында нәубетті жылдарды артта қалдырып, ел еңсе тіктеді. Ал қазір күнделікті тұрмыстағы ахуалдың күрделенуі кез келген адам арасындағы ортақ түсініспеушілік туындатуда. Отбасындағы тұрақсыздық көрінісі енжарлық, жалқаулық орын алғанда белең ала бастады. Осы ретте жекелеген тұлға ретінде үйдегі жауапкершіліктен жалтарып, өзгенің есебінен өмір сүру нағыз масылдыққа әкеліп соқтырды.

Қатысты жаңалықтар

Ыстық жаз өрттерімен қауіпті

azatmedia

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық

azatmedia

Қазақстанда жаңа телеарна ашылады

azatmedia