Қоғам

Ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты насихаттауы қажет

Адамзат қоғамы өзінің бүкіл даму барысында рухани кемелденуді мақсат тұтты. «Кемел адам» идеалы барлық қоғамдарға, барлық діндерге тән. Өйткені рухани тұрғыдан кемелденген адам дін тұрғысынан алсақ – күнәдан, заң тұрғысынан алсақ қылмыстан аулақ болады, ол ең ізгі адамгершілік мұраттарды көздейді, адамзат қоғамының ортақ игілігіне, жоғары руханиятқа қызмет етеді. Сондықтан ақпараттық-насихат шараларын жүргізуші мамандардың іс-әрекетімен шектелмей, діни бірлестіктер өкілдері де барлық діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты насихаттауы тиіс.

Сонымен қатар «Заманына қарай – амалы» демекші, әрбір уағыз-насихатты, ақыл-кеңесті бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму деңгейін ескере отырып жеткізу қажеттігін айрықша назарға алған жөн. «Дінде осылай, соны істемесең болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымдар бір жағынан пікір қайшылығына, көзқарастар қақтығысына итермелесе, екінші жағынан діннен алыстатады. Бүгінгі қоғамның деңгейін, талабын, сұранысын ескеріп, діннің мазмұндық жағына баса мән беретін кез жетті.

Айтылған ойларды жинақтай келе төмендегі тұжырымдалған көзқарастар бағытында жұмыс жүргізудің тиімділігі жоғары болады деген пікірдеміз:

1. Мемлекеттік идеологияның негізгі ұғымдары ретінде «зайырлылық» және «жоғары руханият» ұғымдары мектеп қабырғасынан бастап, балалар мен жасөспірімдер санасына орнықтырылуы қажет. Зайырлылықтың дінсіздік еместігін, зайырлы мемлекеттің жоғары рухани құндылықтарды негізге алатынын, дәстүрлі діндердің де рухани-өнегелік құндылықтарға негізделгенін түсіну балалар мен жасөспірімдерді шектелушіліктен, дін туралы тар түсініктен, әсіре діншілдік пен шетін (экстремистік және радикалды) көзқарастардан қорғауға, діннің формалық жағына емес, мазмұндық жағына баса мән беруіне септігін тигізеді.

 2. Балалар мен жасөспірімдердің дінге қызығушылығы таза діни емес, рухани ізденістерден туындайтынын ескере отырып, олардың рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында мектеп қабырғасында рухани тарих пен рухани мәдениет тереңдете оқытылуы, гуманитарлық пәндер компоненті күшейтілуі, олардың өзара сабақтастығы сақталып, біртұтас идеологияға қызмет етуі қамтамасыз етілуі қажет. Бұл жастардың рухани әлемін байытып, ой-өрісін кеңейтуге, таным деңгейін жоғарылатуға, отаншылдық тәрбиесін күшейтіп, мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді.

3. Мектеп қабырғасында жалпы рухани тәрбиені күшейту бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, олардың барысында ұрпақтар сұхбаты мен сабақтастығының жалғасын табуына баса назар аударылуы қажет. Ұрпақтар сұхбаты мен сабақтастығы ересектер мен жастар арасында өзара сенім мен сыйластықтың қалыптасуына, дәстүрлі құндылықтардың бір буыннан екінші буынға өзгеріссіз (трансформациясыз) тікелей берілуіне, сол арқылы рухани-діни танымдық қайшылықтардың алдын алуға септеседі. Қазіргі радикалды идеология ең алдымен ұрпақтар санасында танымдық қайшылықтар тудыру арқылы таралып отырғанын ескерген жөн.

 Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жастарды рухани жалғыздықтан арылтуға, олардың өміріне мағына дарытуға септеседі, бұл өз кезегінде жастарды рухани агрессиядан сақтап, жат мәдени-діни құндылықтардың белең алуына, жастар  санасының жаттануына жол бермейді.

4. Діни сауаттылықты арттыру шараларының мазмұнын жетілдіріп, дәстүрлі рухани құндылықтар мен діни танымды жаңғырту, насихаттау бағытына бұру қажет. Дәстүрлі қазақ мұсылмандығының рухани-адамгершілік және өнегелілік құндылықтармен астас екенін таныта отырып, діннің рухани мәдениет феномені болып табылатынын, негізгі мақсаты қоғам өміріне іріткі салушылық емес, реттеушілік мақсат екенін, сондықтан шетін көзқарастың шынайы дінге жат екенін жастар санасына орнықтыру қажет. Ақпараттық-ағартушылық жұмыстар дәстүрлі құндылықтарды қоғам өмірінің барлық деңгейінде насихаттауға бағытталса, рухани деңгейі жоғары, зайырлы, зияткер (интеллектуал) тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Олар берік идеологиялық шеп ретінде қалыптаса келе өздерімен салыстырғанда аз санды болып табылатын теріс пиғылды, радикалды идеологияны ұстанушыларды сіңіріп алатын негізгі басымдыққа айналмақ.

 5. Қазіргі діни және әлеуметтік ахуал жағдайында отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаңғырту, ата-ана тәрбиесін күшейту қажет. Ата-аналардың, орта буын өкілдерінің тәрбиенің міндетті құрамдас бөлігі ретінде рухани ізденістерін арттыруына, рухани тарих мен мәдениетті тұтынушы деңгейінде болса да игеруіне және балаларының дүниетанымы мен құндылықтық бағдарларының дұрыс қалыптасуына септесуіне мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл орайда ата-аналармен және отбасы мүшелерімен жүргізілетін жұмыстар мен бірге атқарылатын шаралар жетілдірілуі қажет. Сонымен қатар әйел-ананың бүгін тәрбиелеп үлгермеген баласын ертең ел болып қайта тәрбиелей алмайтынымызды ескеріп, әйелдердің отбасымен көбірек бірге болуына, бала тәрбиесімен тікелей айналысуына жағдай туғызу қажет.

6. Дәстүрлі дүниетаным аясында жазылған діни кітаптарға канондық мәтін ретінде емес, рухани тәрбие көздері ретінде қарап, оларды жеткілікті мөлшерде шығаруды және таратуды мемлекет тарапынан қолға алу қажет. Осы арқылы жастардың теріс пиғылды және радикалды көзқарастағы діни әдебиеттерді пайдалануларына жол бермеудің бір тетігі жасақталады. Мұндай әдістер арқылы рухани тәрбиені күшейтуге және ұлт руханиятын қалпына келтіруге мемлекеттің мүдделі болуы және үлес қосуы – ішкі саясат тұрғысынан болсын, зайырлылыққа тән рухани-моральдық қағидаттар тұрғысынан болсын – заңды құбылыс.

7. Рухани тәрбиені сапалы негізге көшіру мақсатында рухани тәрбие ошағы болып табылатын діни оқу орындары қызметін заң аясында дамытуды назарда ұстаған жөн. Оларға мән бермеу және негізгі бақылауды мүдделі мемлекеттік орган назарынан тыс қалдыру – қолдағы үлкен күштен айрылу және сол күшті мүдделі тараптардың еркін пайдалануына, мүдделі емес тараптардың немқұрайды халге түсіруіне жол ашу болмақ. Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Осы ықыласты тиісті арнаға бұрудың пәрменді тетігі ретінде діни оқу орындарын пайдалану қажет. Олардың қызметін реттеу – мемлекеттің мүддесін бекіте түсу ретінде қабылданғаны жөн.

8. Дәстүрлі діни танымды жаңғырту тілді жандандыру мәселесімен бірге қарастырылуы қажет. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса – ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Рухани мәдениет феномені ретінде дін де дәстүрлі ұғымдарсыз өмір сүре алмайды. Тілді жандандыру дәстүрлі діни таным мен рухани құндылықтардың жандануына, қайта қолданысқа енуіне жол ашады. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Мемлекет құраушы қазақ ұлты өзінің толерантты (мәмілегер) мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды.

9. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және рухани тәрбие шаралары аясында толерантты мінезді дамыту қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Бұл орайда қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті екенін өскелең буын санасына сіңіру қажет. Мәмілегерлік – кеңдік (дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі), келісімпаздық, бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы екендігі, көп этникалы және көп конфессиялы Қазақстан қоғамының толеранттылық туралы идеясы – тың идея емес, ұлт болмысына сіңіп, тамырланған өміршең идея болып табылатыны кеңінен насихатталуы тиіс. 

А.Әбдірәсілқызы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол.ғ.к.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТКІЗІЛДІ

azatmedia

«КҮМІС ДОМБЫРА»: АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ АЙТЫС ӨТТІ

azatmedia

БАЛАЛАРҒА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҮЙРЕТЕЙІК

azatmedia