Ғаламат ғаламда ғаламтор мүмкіндігі қарыштап дамып келеді. Оның мүмкіндігі молайғаны соншалық, осыдан бір-екі жыл бұрын жұрт бір анықтаманы қолға тигізу үшін ХҚКО-ларға ұзын-сонар кезекте сабылушы еді, ал бүгінде сол анықтаманы үйдегі теледидар алдында жатып-ақ алуға болады. Бұл бергісі ғана. Алайда теңгенің екі беті болғандай, мұның да зияны мен пайдасы мол екені бесенеден белгілі. Балалардың тәуелділігі, интернет алаяқтарын айтпағанда соңғы уақытта қатты белең алған желідегі жалған жарлылардың көбеюі мен олардың көптеген мәрт жандарға кенедей жабысуы бүгін-ертең шешімін таппас мәселе болып тұр.Шынтуайтына келгенде, қайыр, көмек сұрап тіленшектікпен күнелту – қоғамдағы масылдықтың бір белгісі. Бұрын мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоспағанда, тепсе темір үзетін соқталдай азаматтар мен аяқ-қолы бүтін бола тұра, шиттей бала-шағасын жетелеп алақан жайып жүретін аналарды халық көп шоғырланатын жерлерден жиі кездестіретінбіз. Қайыр сұраушылардың арасында тіпті, өз «кәсібіне кіріскенде» өтірік балдаққа сүйене қалып, «жұмыс уақыты» аяқталып, қайтарында балдағын қолтықтап, екі аяғын нық басып, қымбат көліктерге мініп кететін жандар да барын аракідік еститінбіз.«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенге сайып тұр ма, әйтеуір бүгінде қайыр сұраушылар офлайннан онлайнға көшіп, ғаламторға ойысты. Әсіресе, аудиториясы ауқымды өнер жұлдыздары мен белгілі блогерлердің парақшасындағы пікірлер легінде өздерінің есепшоттарын көрсетіп, баласының немесе өзге де жақынына жылу іздегендерді міндетті түрде кездестіресің. Әрине олардың барлығын дерлік алаяқ деп қара жаба салуға болмайды. Себебі оның ішінде шын мұқтаж жандар да жоқ емес.– Бәрі әлеуметтік желідегі парақшама бейтаныс адамның көмек сұрап хат жолдауынан басталды. Айтуынша, көпбалалы, әйелі ауыр дертке шалдыққан. Енді дәріге қаржы керек екен. Бұл бірінші рет емес. Бұған дейін де бірнеше адам дәл осылай көмек сұраған еді. Әдеттегідей барлық хабарламаның соңы есепшот нөмірімен аяқталады. Қазір дәл осылай онлайн қайыр сұрайтындар көбейді. Тіпті, оның қайсысы шын мәнінде көмекке мұқтаж, қайсысы алаяқ екенін ажыратудан қалдық, – дейді әлеуметтік желі белсендісі Азамат Орынбай.Келесі кейіпкеріміздің айтуынша, желідегі жалған жарлыларды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөледі екен.– Интернет болмаған кезде де қайыр сұрайтындар болды. Қайыр сұраушыларды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлер едім. Әлеуметтік желі дамыған сайын мұндай тіленшілердің саны да көбейе береді. Арасында шын мұқтаждар да бар. Бірақ қайыр сұрауды кәсіпке айналдырып алғандар да көп. Шыны мен өтірігін ажырату мүмкін емес. Қайыр сұрайтындар адамның ішкі сезімдерімен ойнайды. Азаматтардың аяушылығын оятып, көмек сұрайды. Бұл мәселені жылы жауып қою үлкен қателік болады. Себебі қазір бұрынғыдай түн батқанын күте үйіңізге ұрлыққа түсетін емес, әлеуметтік желі, онлайн әмияныңызды жылтыратып, тақырға отырғызып кететіндердің заманы, – дейді Мадина Әлиқызы.Онлайн тіленіп, артпай-тартпай өздігінен ақша табуға мемлекеттік тұрғыда қатаң бір тоқтам керек. Әйтпесе қалың бұқараның қалтасын қашықтан-ақ қағып отырғандар көбеймесе азаймас.
С.АҚМЫРЗА