2022 жылы үкімет әлеуметтік салаға 8,6 триллион теңге бөледі, бұл 2022 жылға арналған бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 46 пайызын құрайды, әрі бұрын жоспарланғаннан 581 миллиард теңгеге артық. Мемлекеттің әлеуметтік шығындары жылдан-жылға өсіп келеді, одан түзеліп жатқан халықтың жағдайы шамалы. Ендеше бұл қоғамда тәуелділікті, қарекетсіз масылдықты тудырмай ма деген күмәнді сұрақ туындайды.
Қазақтың «толмас шелекке құйма» деген сөз бұл ретте үкіметтің әлеуметтік саласындағы бағдарламаларына жүрмейтіні белгілі. Өйткені мемлекет өзінің дамуында әлеуметтік мәселерді шешуді алдыңғы орынға қояды.
Әлеуметтік әділеттілік принципіне сәйкес әлеуметтік мемлекет барлық азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, көмек көрсету мақсатында материалдық игіліктерді өмірдің қиын қыспағында қалғандарға көмек қолын созу міндетті. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендету мақсатында да барлық елдерде жүзеге асырылады. Осының аясында мемлекеттік әлеуметтік саясат күш салуда халықты әлеуметтiк қолдауды ұлғайту, барлық мұқтаж адамдардың күнделікті тұрмысын жеңілдету үшін ең төменгi әлеуметтiк стандарттарын ұсына алады. Бірақ осы деңгейде қалып қоймай, биікке ұмтылып, мемлекетке тәуелді болмаудың жолын қарастыру механизмі неге қатар айтылмайды?
Азаматтарды өзін-өзі қамтамасыз етуге ынталандырудың және бейімдеудің көптеген мемлекеттік әдістері іске қосылмаса, елде масылдық қалыпты жағдай ретінде халық санасында орнығып қалуы мүмкін. Оның салдары қалыпты құбылыс болып қалмақ. Бұл ретте әлеуметтік масылдықтың санамызға мықтап бекуінен сақтанғанымыз жөн болар. Ел ішінде шын мұқтаждар емес, «алған үстінен ала берсем» дейтін пиғылдылар қаптап келеді. Шын мұқтаждар қайта қымсынып, кабинеттердің есігін ашып, тепсініп талап етпей, ізденуге тартынып тұрады. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының теріс салдары осыған жеткізетінін мойындау керек. Әрине, жетім мен жесірді, мүгедектер мен көпбалалы аналарды тағы басқа қоғамның аз қамтылған топтарын ойлағанда, масылдық туралы айтуға да ауыз бармайды. Бірақ, біршама түсініксіз, түпсіз шелекке су құйғандай, халықтың қуатын арттыруға емес, қарекетсіз масылдыққа ұрындыратын бұл құбылысты қалай реттеуге болады? Жоғарыда аталған санаттағы адамдардың ішінде де қаласа қарды жандыратын, тауды қопаратындар жоқ емес қой.
Шын мұқтаждардан бөлек, «масылдылық» адамның жеңіл жолмен жеткен азықты талғажу етіп, одан артығына қол жеткізуге оның жолында барлық күшімен ауыр еңбек болса да тартынбауға, игіліктерге ұмтылысын жояды.
Оның ар жағында ақылы мен қайратына сенбеген соң, «паразиттік» сана билейді. Ол өмір салтына айналып, қоғам есебінен қолайлы өмір сүруді ойлайды. Бірақ әлеуметтік көмектің деңгейі ешқашан қандай бір мемлекетте болсын, қазақша айтқанда ұшпаққа жеткізбейді. Адам өзінің күш-жігерімен ғана сол жақсылыққа жетеді.
Айтарымыз, масылдықты қалыпты әлеуметтік құбылыс деп санауға болмайтынын, оның адамзаттың дамуын шектейтін, қалыпты жағдайдан ауытқуы болып табылатынын түсіну керек.
Мемлекеттен дәметкен дұрыс, алайда бұл дегеніңіз ерік-жігеріңізді матап, құрдымға бастайтынын білген жөн. Игіліктерге маңдай терінсіз жеткісі келетін, масыл болудан арланбайтындар жоқ емес. Алайда барынша, жағдай жасап, олардың осындай қыспақтан шығуына күш жұмсап, барлық мүмкіндікті соған құйса, бәлкім, кедейі жоқ елге айналып, нағыз әлеуметтік қоғамды құрармыз.
А.Уайсова