Қай қоғамда болмасын патерналистік көңіл күй болып тұрады. Мұны қазақ танымында масылдық дейді. Масылдықтың түп атасы – жалқаулық. Біздің елімізде ұзақ жылдар бойы халықтың әлеуметтік масылдығы және мемлекеттің әлеуметтік жауапсыздығы сияқты қарама-қайшы деп есептелетін ұғымдар қатар өмір сүруде. Бүгіндері осындай қарама-қайшылықтың пайда болу себептері қандай екенін, мемлекет пен халық арасындағы әлеуметтік саладағы жауапкершіліктер қалайша ажыратылуы тиіс екендігін және мұндай «мүдделер қақтығысы» қандай тәуекелдер мен қауіптерді алып келе жатқанын және оны елемеу қандай салдарға әкеп соқтыратынын түсіне бастадық. Мұның аражігін ашып көрсету журналистерге үлкен міндет жүктеп отыр.
Осы жайдан хабары бар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңілкүй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кезкелген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деп атап өткен болатын. Осы орайда баса айтқым келетіні, қазіргі уақытта қоғамдық қабылдауларға әлеуметтік көмек сұрап келетіндер көп. Мұндай жағдайда әлеуметтік көмектен бөлек тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Себебі бір реттік көмек бір отбасыға әрі кетсе 1 ай азық болуы мүмкін. Ал тұрақты жұмыс олардың тұрмысының түзеліп, әлеуметтік ахуалының жақсаруына зор ықпал етеді. Сонымен қатар бұл мемлекет басшысы атап өткен әлеуметтік масылдықтың етек жаюына да тоқтау болады. Ал тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша тиісті басқармадан бөлек, өңірдегі кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатып, жедел жұмыс істеу тетіктерін де қарастыру уақыт талабы.
Мемлекет басшысы: «Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деген болатын. Алдағы уақытта масылдықтың жолын кесіп, шын мұқтаждардың мемлекеттік қолдауынсыз қалмауы үшін қазірдің өзінде нақты шаралар жасалуда. Алдағы уақытта сол шаралар масылдықтың жолын кесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бағытталған көмектің тиесілі жерге жетуіне мүмкіндік туғызса, еңбектің ақталғаны болмақ.