Қоғам

ӘРЕКЕТ ЕТСЕҢ, БЕРЕКЕТ КЕЛЕДІ

Кез-келген мемлекет халқының әл-ауқатын көтеру үшін жұмыс істейді. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламаларын құрады. Еңбекке жарамсыз азаматтарға әртүрлі көмектер көрсетеді. Мұндай көмектер мен бағдарламалар әрбір елде түрлі жолдармен жүзеге асады. Ал халыққа жаппай ақша таратса немесе банктен алған несиесін мемлекет түгел жауып берсе деген сияқты түсініктер қоғамның көзі ашық азаматтарына жат құбылыс.

Біздің еліміз де көмекке зәру азаматтарға қол ұшын созудан кенде қалған емес. Көпбалалы отбасылар әр балаға берілетін жәрдемақының игілігін көріп, әлеуметтік жағдайы төмен немесе өмірде әртүрлі қиын жағдайға тап болған азаматтардың қарызын кешіру жайлы жарлық талай отбасының үмітін жандырды. Ал тепсе темір үзетін азаматтардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай Үкіметке тепсінгені ұят-ақ. Өздері еңбекке жарамды, кейбірінің әлеуметтік жағдайы әжептәуір жоғары бола тұра кедей-кепшікке арналған азғантай ақшаға жармасу барып тұрған масылдық психология дерті демеске лаж жоқ. Бұл дертпен күресіп, одан арылу жолдарын нұсқап, сауықпасақ жиырма бірінші ғасырдағы бәсекелестік қоғамға сай мемлекет құрып жатырмыз деп айтудың өзі бекершілік.
Мемлекет басшысы да масылдық тақырыбын көтерген болатын. Президент өз сөзінде азаматтардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай отырғандығын атаған. Тек қана Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын, кәсіпкерлікпен айналысудың мемлекет үшін де жеке азамат үшін де тиімді екендігін ескерткен. Президент ескертіп отырған мәселе бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы болып отырғаны да жасырын емес.
Сонау тоқсаныншы жылдың басында өтпелі кезең өзіне тән қиындықпен қатар, «Үкімет өлтірмейді» деп, жайбарақат жатқан талайларды ұйқысынан оятып, ойда-жоқта келген нарық жолынан өз соқпағын табуына мүмкіндік ашты, сөйтіп көпшілікті құмырсқа тіршілікке кірістіруге итермеледі десек, ешбір қателесе қоймаспыз. Өндіріс орындары жабылып, жұмыссыз қалған жұрт енді өздеріне лайық кәсіп іздеді.
Дей тұрғанмен, халықтың біршама парасы беймәлім істі бастауға даяр болмай шықты. Ақиқатын айтсақ, сол тұста елімізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2007 жылы арнайы зерттеу жүргізіп, елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі он бес жыл бойы жұмыс істемей келген 180 мың адамның бар екенін, сөйтіп жұмыссыздар саны халықтың 8 пайызын құрайтынын анықтады.
Реті келіп тұрған соң айта кетсем артық болмас, АҚШ тәрізді әлеуетті мемлекетте бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеуметтік жәрдемақылар арқылы ғана күн көрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Иә, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейді, жұмыс істеуге деген ынталарын өшіреді.
Шындығында, мемлекет өз мойнына алатындар: жетімдер, мүгедектер, қарттар, зейнеткерлер. Өзгелер еңбек еркіндігін пайдаланып, өз тұрмыстарын өздері анықтау керек еді. Сондықтан да оларды еңбек еркіндігіне, яғни нарық жағдайына бейімдеу күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Шын мәнінде, мемлекет медиатор қызметін атқаруды қолға ала бастады. Өз кезегінде Үкімет «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын қабылдап, жұмыспен қамту мәселесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін.
Біріншіден, бағдарлама бойынша, жұмыссыз азамат екі қолына бір күрек табуға шын ниет етсе аудан, қалалардан арнайы ашылған жұмыспен қамту орталықтарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама береді. Болмаса бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеде бағы жануы мүмкін. Ал, оның мамандығы бойынша қызмет орны мүлде табылмай жатса, оны басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандық алуға немесе қайта даярлауға ұсыныс айтылады.
Ешкімге бағынышты болмай, жеке кәсібін ашамын дейтіндерге де мемлекеттің қолдауы көп. Мәселен, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асқан бес жылда мыңдаған азамат жеке ісін ашып, табысты кәсіпкерге айналды. Аталмыш бағдарламаның мерзімі аяқталуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Міне, осыншама мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа? Сонымен қатар елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның шеңберінде де жаңадан мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатқаны белгілі. Бір ғана мысал. Автокөлік шығару саласында құрылған бір жұмыс орнының нәтижесінде өзге салаларда 12 жұмыс орнына дейін пайда болады. Өйткені, автоөнеркәсіптің дамуы химия, тоқыма және өзге де өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни елімізде жасалған автокөлік өнімдері көбейген сайын экономика да өрге басады. Олай болса, хакім Абай айтқандай: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мал бақ, егін сал, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне, бес жүз жыл болды – жұт, аштық жоқ. Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?» дейді. Және қытай ойшылы Конфуцийдің: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят»,– деген сөзі бар.
Бір сөзбен айтқанда, талаптанған адамға қай жағынан алып қарасаң да жол ашық. Бірақ, осыған қарамастан соңғы кездері, қоғамда масылдық көзқарастар орын алуда. Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу керек сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. Жағдайды өзгерту керек екені түсінікті және бұл жерде, қаншалықты қарапайым болып естілсе де, бір-біріне қарай бағытталған қозғалыс қажет. Яғни, белгілі бір қадамдарды екі тарап та – билік те, халық та жасауы қажет десек, бұл қадамды мемлекет бастауы тиіс.
Егер, азаматтардың сапалы және қолжетімді білім алуы, медициналық қызметтер алуы үшін толыққанды мүмкіндіктері болса, олар құқықтық мағынада қорғалған болса, патерналистік талаптарды барынша азайтуға, азаматтардың өз өмірі мен әл-ауқаты үшін жауапкершілік деңгейін арттыруға болады. Дәл осы сәтте «біз сіздер үшін барлық нәрселерді жасадық, ал енді сіздер өздеріңіз іс-әрекет, бастамашылық, іскерлік танытыңыздар, өздеріңіз әрекет етіңіздер» – деп айтуға әбден болады.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өнімдер, тауарлар шығарғысы келетін, идеялар, инновациялар ұсынып, іске асырғысы келетін, кәсіпкерлікті дамытқысы келетін адамдар үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, бүгінгі күні ойын ережелерін толығымен мемлекет талап ететіндіктен, елдің табысты дамуының, мемлекет пен азаматтардың үміттері арасындағы келіспеушіліктерді еңсерудің маңызды шарты меритократия қағидаттарын сақтау, нақты жұмыс істейтін әлеуметтік лифттердің болуы – элитада жергілікті жерлерде жұмыс істеген, мансаптық өсудің барлық сатыларынан өткен өз ісінің шеберлері қайта оралатын болады.
Сапалы кері байланысты, биліктің қоғаммен өзара іс-қимылының пәрменді тетіктері мен арналарын жолға қоюдың да маңызы зор, олар екі тарапқа да тиімді болады. Басқару жүйесі, бюрократиялық аппарат тұтастай алғанда қоғам мен мемлекет үшін жұмысқа бағытталуы, тұйық емес, ашық сипатта болуы керек, олар тек бақылау функцияларына сүйенбеуі тиіс. Сондай-ақ ағымдағы даму бағдарламаларын нақты іске асыру үшін барлық деңгейдегі басқарушыларға қатаң жауапкершілік, оның ішінде, әсіресе, дербес жауапкершілік қажет.
Мемлекетіміздің көркеюіне әрбір қазақстандық үлес қосам десе жол ашық. Ауадан ақша, тезектен теңге табуға болады. Мемлекет мейірін беріп, халқына қол ұшын созған екен, сіз бен біздің пейіліміз кетпесін ағайын! Мұқтаждық болмаса да мемлекетке қол жаю масылдық психология көрінісі. Масылдық мінез тоғышарлыққа, әрекетсіздік пен мешкейлікке апаруы да мүмкін. Халқына көмекті аямаған Ливия басшысын да жалқаулық жайлаған жұрты орнынан жұлып алған. Мұндай мысалдар әлемде көп. Сондықтан да мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланып, әркім әрекет етуден қашпауы қажет.

К.ЖОЛДЫБАЙ

Қатысты жаңалықтар

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

azatmedia

Зорлық-зомбылыққа жол бермеу қажет

azatmedia

КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН ТІРКЕУ ЖӘНЕ ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ДАЯРЛАУ ҚАҒИДАЛАРЫ ӨЗГЕРДІ

azatmedia