Ислам діні масылдыққа, жалқаулыққа салынуды құптамайды. Қол қусырып, қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергеннен кейін әрбір адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек.
Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың дағдысы. Асыл дініміз адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сосын сол иманның аясында ізгі жұмыс істеуге шақырады. Сондықтан да мұсылман баласы күш-жігері жеткенше еңбектенеді. Ал Ұлы Жаратушы төккен терің, жасаған амалыңа қарай ризық-несібеңді береді. Әрі сол ризық-несібені иеленуге күш-қайрат пен қабілетті беретін де Ұлы Жаратушы!
Қазақ халқы және халқымыздан туған ұлы ойшылдар, даналарымыз, ардақтыларымыз адал еңбек ету туралы өсиет-нақыл сөздерді де молынан айтып, ұрпағын тәрбиелеген. Қазақ халқының руханиятында ғасырлар бойы сұрыпталып қалған «ер» мен «еңбектің» егіз ұғым екені туралы «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», «Еңбегіне қарай – құрмет, Жасына қарай – ізет», «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген ұлағатты сөздерінен мысалдарды көп келтіруге болады.
Сондай-ақ Абай атамыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап», «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген көптеген насихаттары арқылы өз халқын өрлеуге үндеген болса, басқа ойшылдардың «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл» (Шәкәрім Құдайбердіұлы), «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» (Бауыржан Момышұлы), «Адам өзін еңбектен қалдырмағаны, Қарттыққа аяғын алдырмағаны» (Ыбырай Жақаев) деген сан мыңдаған нақылдарын теріп жазып, термелеп айтып тауыса алмаймыз. Осы айтылғанның барлығы асыл дініміздің мұратымен үндесіп жатыр. Мұның бәрі де саналы адамға адал жолмен мал тауып, отбасына, елге адал қызмет етуді, отбасын адал жолмен асырауды, еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетінін насихаттайды.
Бірде Алланың Елшісі (с.а.у) бір жолы Сағыд ибн Муғазды (Алла оған разы болсын) жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.
Яғни, шынайы мұсылман адам жұмысының беделі жоғары немесе төмендігіне, жеңіл яки ауырлығына, табысының аз және көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Сонда таза, адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі. Қорыта айтар болсақ, біздің асыл дініміз еңбек етуге шақырып, жалқаулықтан қайтарады. Алла Тағала баршамызды адал кәсіп тауып, адал ризыққа бөленуді нәсіп еткей! Әмин!
А.Мадиев