Қоғам

Нұрила Анарбек: Өзгелерге масыл болмау үшін білім керек

Қоғамда патерналистік көңіл күй мен әлеуметтік масылдық үрдісі соңғы жылда күрт белең алып кетті.

Мұның себебін көбі жоғары білімнің жоқтығымен байланыстырып жататыны рас. Алайда кәсіпкер, тігін шеберінің менторы, 5 баланың анасы Нұрила Анарбек жұмыс істеймін, масыл болмаймын деген адамға білім алу ешқашанда кеш емес екенін айтады. Осыған орай, кейіпкерімізбен өз кәсібін қалай бастағаны жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

– Нұрила ханым, кәсібіңіз туралы қысқаша айтып беріңізші. Қалай бастадыңыз?

– Алғаш тігінші болып 2017 жылы бастадым. Алғашында әртүрлі ательеде киімдер тігіп, құрақ құрап, жалдамалы жұмысшы болып істедім. Бір жылдай үйреніп, тәжірибе алып жүрдім. Жалақым бар-жоғы 40 мың ғана болатын. Кейіннен ойланып қарасам, 40.000 теңге ештеңеме жетпеді. Жоқшылық мені әбден қажытты. Сол жоқшылықтан мен тұншыға бастадым. Ары қарай бұлай жүре берсем, дамымайтынымды түсіндім. Содан

2018 жылдың соңында Бизнес бастауға барып, білім ала бастадым. Сол уақыттарда ішімдегі сөніп қалған арманымның үміт шоқтары ояна бастады.

Әрине, бизнесті жасау үшін білім алу керек. Ол білім алмаған адамға қиын болары анық. Содан 2019 жылдың 28 қаңтарынан бастап, өзімнің алғашқы ательемді ашып, тапсырыс алып, шәкірттер дайындап, дами бастадым. 2019 жылы ең қымбат тапсырысты Айнұр Тұрсынбаевадан 480 000 теңгеге алғанда жүрегім жарылардай қуанғаным бар.

– Кәсібіңіз қазір қалай өрбуде? Қанша адамды жұмыспен қамтып жатырсыз?

– Кәсібімді жасап жүргеніме төрт жылдан асты. Осы жылдың ішінде

20 мыңнан аса онлайн-оффлайн шәкірттерді оқытып үлгеріппін. Соның ішінде 11 мың 300-дейі – 150 мың теңгеден бастап, 1.500 000-ға дейін табыс тауып жатқан үздік шәкірттерім бар. Осы 4 жылдың ішінде 4 ателье ашып, 1 қыз жасау орталығын ашып, одан қалса, өзімнің «Түйме тағдыр» атты авторлық 5000 дана кітабымды шығардым. Қазіргі уақытта командамда 5 адам жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда жұмыс істеуге мүмкіндігі болса да, еңбек еткісі келмей жүрген жастар өте көп. Сондай жандарға масыл болмау үшін қандай кеңесіңізді бересіз?

– Өзгелерге масыл болмау үшін ең алдымен білім алып, Аллаға тәуекел ету керек. Ал нәтижесін Алла сен ойлағаннан да жақсы етуі мүмкін. Қазір Қазақстанда кәсіп етемін, дамимын деген кәсіпкерлерге көптеген мүмкіндіктер ашып қойған. Оны да дұрыс жасау үшін, әрине, білім алу маңызды. Менде бір Алланың көмегімен, ешқандай көке, жәкесіз өз талпынысым мен еңбегімнің арқасында 40 мың теңге табыстан шығып,  «миллионер» атанған шеберлердің ұстазына айналдым.

– Кәсібіңіз берекелі болсын!

Қатысты жаңалықтар

Қазығұрт ауданында Рәміздер күні аясындағы ісшара кең көлемде аталып өтті

azatmedia

ОТ ЖОЛАҒЫНАН ӨТУ БОЙЫНША ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ҚАЛА/АУДАНДАҒЫ «АДАЛДЫҚ АЛАҢДАРЫ» БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗУДЕ

azatmedia