Қоғам

МАСЫЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯДАН АРЫЛУ ҚАЖЕТ

Әрбір Қазақстан азаматы дамудың даңғыл жолына жаңа бағыт алған еліміздің ілгерілеуіне өз үлесін қосуы қажет. Ол үшін алдымен қоғамда тек мемлекетке иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын.

Үкімет осы бағыттағы шараларды ретке келтіруді қолға алып отыр. Демек, бүгінгі күні патернализмнен ада болып, ел қатарлы өмір сүру үшін мемлекеттің қамқорлығы емес, қолдауы да жеткілікті. Ал, мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр. Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры таяуда еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін атай кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рахымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе, мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп екен. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес.
«Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл-күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Оның бір себебі Қаңтар оқиғасынан соң түрлі түйткілдер, соның ішінде әлеуметтік өткір мәселелер бойынша мемлекетке талаптың күшейе түскендігінде болуы мүмкін. Халықтың бір тобы несиені кешіру, жәрдемақыны көбейту, тегін баспанамен қамту сияқты базалық сұраныстарды талап етсе, басым бөлігі саяси-экономикалық шынайы трансформацияны күтіп отыр», – дейді Орталық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарова.
Латынның paternus деген сөзінен шыққан «патернализм» термині «әкелік қамқорлық» деген мағынаға сәйкеседі. Яғни, мемлекет халыққа базалық деңгейдегі қажеттіліктерін қамтамасыз етіп береді де, соны міндетсініп көпшілік сипатта да, жеке сипатта да азаматтардың өзін қалай ұстау керек екенін талап етіп отырады. Бұл қамқоршылық-бағыныстылық моделі масылдық көңіл күйді күшейте түсетіні әлдеқашан дәлелденген. Мұндай жүйе Қазақстан қоғамына социализмді негіз еткен кеңестік өмір салтымен бірге келді. Содан бері одан арыла алмай келеміз. Әйтсе де, осынау әлеуметтік құбылыс әлемнің барлық мемлекетіне, соның ішінде дамыған елдерге де тән екен.
«Мұндай көңіл күй кез келген елде, әсіресе дағдарысты кезеңдерде, күшейе түседі. Мәселен, бұл туралы Халықаралық валюта қорының бұрынғы өкілі, экономист Дуглас Редикер былай деген: «Мемлекеттің экономикадағы рөлі анағұрлым арта түскен сайын ол өмірдің әр саласында нарықтық қатынастарға соғұрлым араласа түседі, бұл азаматтардың патерналистік көңіл күйін арттыра түседі». Ал бұл өз кезегінде тоқырауға алып келеді. Өйткені, мұндағы басты критерий – жұмыстың нәтижелілігі емес, билікке лоялдылық. Билікке қарсы шықпасаң болды, сенен еңбек өнімділігі талап етілмейді. Бұл жағдайды аргентиналық экономист Мариано Грондон: «Патерналистік сипаттағы қатынастар – дамуға емес, тұрақтылыққа негізделген мәдениеттің бір бөлшегі» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Сондықтан да билік халық үшін барлық шешімді өзі қабылдап, оларды өз өміріне жауапкершілік алудан тыс қалдыра беретін болса, сәті туғанда азаматтар өз бетінше болған жағдайдан шығудың орнына мемлекеттен жеңілдіктер мен қолдауды екі есе талап ете түсетін болады», – дейді әлеуметтанушы Шынар Сүйіншалиева.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында «Абай атамыз «Үшінші» қарасөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған. Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?» деп жазыпты. Расында, қой бағып күнкөруге намыстанатын жалқаулардың «мемлекет жұмыс бермейді» деп масылдық санаға бейімделуі қоғамды кері тартпай ма? Сонымен, бұл тығырықтан шығар жол қандай болмақ? Абзалы, таразы басына мемлекеттік қолдау мен халықтың табыс табу мүмкіндігін қатар қойып, тең ұстау. Мәселен, мемлекет жыл сайын әлеуметтік қолдауға қарайған қаржы бөліп, критерийлер аясын кеңейтіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз жандарға және тағы да басқа халықтың аз қамтылған бөлігіне көмектесіп жатыр. Оның ең бір маңызды бөлігі – Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағы бар. Бір мысал, 2019 жылы сәуір айынан бастап кедейлік шегі өзгертілді. Бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы болса, осы кезден бастап 70% болды. Осылайша АСП алатындар қатары артты. Ең төменгі жалақы деңгейі де 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге көтерілді.
«Халыққа балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Сол сияқты, әлеуметтік межелік көрсеткіштерді өсіре отырып, мемлекет патерналистік модельден де бас тартып келеді. Өйткені, олар азаматтарға жәрдемақы, жеңілдік есебіндегі «балықтан» гөрі, еңбекпен қамтуға және бизнес ашуға көмек сияқты «қармақ» беру қажеттігін де жақсы түсініп отыр. Бұл ретте бірінші кезекте экономиканы ретке келтіріп алу керек. Мұндағы олигополиялық, монополиялық дисбалансты жойып, әділ бәсекелестік пен тең еңбекке жағдай туғызу қажет. Бұл кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Оған тек мемлекет емес, халық та атсалысуы тиіс», – дейді «Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының одағы» ҚБ жетекшісі Зульфия Байсақова.
Мамандардың айтуынша, елімізде әлеуметтік масылдықтың бір себебін әлеуметтік әділеттіліктен іздеушілердің қатары көп. Бұл – қате ұғым. Өйткені елімізде жолын тапсаң табыс табудың мүмкіндігі мол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де кәсібін дөңгелетіп отырған мысал көп. Басты мәселе, «масыл болма, қатарыңнан қалма!» деген ұстаныммен, өзін алға сүйрер әркімнің жеке басының психологиясында жатыр.

Қатысты жаңалықтар

«Тәуекел деп осы жолды таңдадым» – желі қолданушылары Кентау тұрғынына алғысын жаудыруда

azatmedia

Алматы: Баласын өлтіріп, денесін тоңазытқышта сақтаған

azatmedia

Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам

azatmedia