Жаңалықтар

Масылдықтың түп себебі неде?

Еңбек ұғымының негізгі қағидаттары мен заңдылықтары, еңбекке қатысты мазмұнды пікірлер қашанда өзекті болып табылады. Осы орайда адам бойындағы «масылдық», «әлеуметтік инфантилизм» тәрізді жағымсыз қасиеттерді тілге тиек етуді жөн көрдік.   Иә, шын мәнінде масылдықтың ас­тарына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жет­кізуге болады. Адам – табиғатынан өзгермешіл. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған әлеуметтік теріс психология жылдар бойы қалыптасып, санаға әбден сіңісті болған жағдайды да көріп отырмыз. 

Біреу­дің есе­бінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиын­дыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заң­дылықтарына негіздел­ген қоғамда ай­қын байқалып қалады. Жалпы алған­да адамның еңбекке деген қабілет қарымы, ынта-жігері жайдан-жай қалыптаспайтыны тағы белгілі. Еңбекке деген сұ­раныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда «масылдық психологиясын» туындатуы да мүмкін.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «әлеуметтік жаңғырту жолындағы айтарлықтай кедергі әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табыла­ды. Оның негізінде 90-шы жылдар­дағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастапқы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жатыр. Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді. Әлеуметтік инфантилизммен зорайтылған дөрекі тоғышарлық жаңғыртудың тежегіші болуға қабілетті».

Қазақстанның қазіргі даму мүмкіндіктері кең арнаға түсіп отырғанда, біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі неде? Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен арылып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туын­дауына алып келген жоқ па? Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын жүз сексен градусқа өзгертіп жібергенін қалай жоққа шығаруға болады? Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің пайда болуына негіз болып отыр. Ғасырлар бойы адамды адам еткен еңбек деп келсек, бүгінде сол еңбектің өзі көкпар тартысқа түсіп отырған жайы бар. «Еңбекті еңбек ретінде қабылдамаушылық», «еңбектің ырыс пен байлық әкелетінін түсінбеушілік», «еңбектің әр адамға бөліп берер несібесінің барын ұға алмаушылық», «еңбекті тек қана еңбек тудыратынын білмеушілік», «еңбектің арқасында барша өмірдің жақсара түсетінін мойындамаушылық» тәрізді көзқарастар адам жүрегінің түбінен терең орын алып алған сыңайлы. Рас, қазір әлем, заман басқа. Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қайнаған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жағатын жұмысты атқаруға құмбыл. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйе келмес-ке кетті. Уақыт талаптары өзгерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ойшыл Абай сөзі кейбіреулердің санасын аса бір тебіренте қоймайтын да жағдайларды көріп жүрміз. «Маймылды адам еткен еңбек» деген сөз жаратылыс тұрғысынан алғанда нанымсыздау болса да, еңбек тұрғысынан алғанда бұл, әсілі, дәл айтылған сөз.

Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет.

Белгілі философ Серік Нұрмұратов масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан ке­мелденуі керек деген пікірде. Профессордың айтуынша, масылдық адамдар арасында қандай да бір тарихи кезеңде де көрініс беріп отырған.

– Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп есептеймін. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.

–Сіздің ойыңызша, еңбектің мәнісі неде?

– Менің ойымша, еңбектің мәнісі – еңбек етуде. Адамзат қоғам құра бастағаннан бастап еңбек – адам өмірінің түпкі негізіне айналды. Кезінде еңбектің әртүрлі қырлары туралы көптеген даналар ой толғап кеткен. Еңбек туралы көптеген ұлағатты ой-пікірлер қазақ халқының да ой-санасынан орын тепкен. Демек, еңбек деген бүкіл адамзат баласының сенімді күшіне айналды. Еңбекқорлықтың маңызы жөнінде ғұлама ғалым әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрім сынды ойшылдарға дейін шығармаларына арқау еткен. Еңбексіз бұл дүниеде ешнәрсенің мәні де, сәні де болмайтынын, дүниедегі әрбір нәрсенің өлшемі – еңбек екенін терең пайымдатқан.

Жалпы алғанда еңбек жөнінде сүбелі ойлардың айтылатын уақыты жетті деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін, жаңа қоғамдық қатынастар орнай бастады емес пе?! Еліміз капитализмнің не екенін, нарықтық қатынастардың қандай болатынын көре, біле бастады. Өйткені оның алғашқы белгілері келді бізге. Бірақ капитализмнің жүйе ретінде бірден орнығып кетуі оңай емес. Ол үшін сол қоғамда өмір сүретін адамдардың санасы оны қабылдауға дайын болуы керек. Біз үшін ол таңсық дүние болғандықтан, капитализмнің алғашқы сатыларынан өтуге тура келді. Нарықтық қатынастардың орнауына біраз жылдар керек болды. 90-шы жылдардан бері қарай есептесеңіз, оншақты жыл бойы біз «жабайы» капитализммен өмір сүріп келдік. Базарда қап арқалаған саудагерлерге нағыз іскер, кәсіпкер ретінде қарай бастадық. Ол экономикалық қарым-қатынастардың әлі дами алмай жатқан кезі болып еді. Сондықтан да нарықтық қатынас дегеніміздің өзі, шынтуайтына келгенде қоғамдағы тәртіптің үйлесімді болуы, қабылданған экономикалық заңдардың мүлтіксіз орындалуы, азаматтар арасындағы мәдениетті қарым-қатынас дәрежесінің жоғарылауы, моральдық, адамгершілік құндылықтардың бірінші орынға шығуы. Міне, осы айтылған нәрселер болғанда ғана біз толық нарық­тық қоғам құра алдық деуімізге болады. Нарықтық қатынас кісі ақысын жеу емес, біреуді алдап-арбап кету емес. Ол өркениетті қоғамның шынайы бейнесі бо­лып табылады. Мәселе осында жатыр. Осы­дан келіп кәсіп болсын, еңбек болсын, өз деңгейіне көтеріледі. Былайша айт­қан­да, өзінің нәтижесін бере бастайды.

– Кеңес Одағының өзге де мемлекеттері тәрізді біздің еліміз де экономикалық тұрғыдан өзгеріске түсті. Бірақ бұл өтпелі кезеңнің біздің қоғамға кері әсер еткен тұстары болды ғой. Атап айтқанда, «қайткен күнде жеңіл ақша тапсам» деген түсініктің пайда болуы?

– Дұрыс айтасыз. Міне, сондықтан да осындай жолға бейім тұратын адамдар пайда болды. «Жеңіл ақша» ұғымының астарында өзіңіз тақырып етіп көтеріп отырған масылдық психологиясы жатыр. Негізі кез келген жолмен келген жеңіл ақшаның ғұмыры ұзаққа бармайды. Адам баласының еңбекке маңдай терін төге отырып тапқан ақшасы ғана өзіне ырыс болып дариды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда да осындай оймен өмір сүретін азаматтардың бар екенін көріп жүрміз. Мысалы үшін, кейбіреулерге адал кәсіп істеп, ауыр жұмысқа барып, нәпақа табудан гөрі, біреуге масыл болып күнін көру әлдеқайда жеңіл сияқты көрінеді. Олар жұмыстың басқа көзін іздемейді. Жалғыз мамандығына, алған дипломына иек артып отырып қалады. Өзгермелі заманда мамандыққа байланып қалудың қажеті жоқ, меніңше. Қолыңнан не келеді, бойыңда қандай қабілет бар, соған қарай икемделу керек. «Жұмыс жоқ» деп отыра бергеннен ешкім сырттан жұмыс әкеліп бермейді ғой.

Т.Қағибатов

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА 600-ГЕ ЖУЫҚ ПӘТЕР ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУМЕН 156 КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІСІ АЙНАЛЫСАДЫ

azatmedia